Балалар

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі

Жаратылыстану-математика бағытындағы НЗМ-да жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті. Дәстүрлі додаға бірнеше ауданнан келген және петропавлдық 7-8 сынып оқушылары қатысты.

ДИАНА ҚАЙРУЛЛИНА, «Қызылжар дарыны» орталығының әдіскері:

— Қатысушылар өз білімдерін екі бағытта сынайды. Жаратылыстану-математика бағытындағы оқушылар математика, биология, география, физика, химия, және информатика пәндері бойынша тапсырмалар орындайды. Ал қоғамдық-гуманитариялық бағытты таңдаған оқушылар қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі және Қазақстан тарихы бойынша бақ сынайды.

Олимпиаданың басты мақсаты – дарынды жастарды анықтап, олардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамыту. Қалалық сайыстан өткен жастың бірі – Ділназ Қапен. Жұмабек Тәшенов атындағы №20 орта мектептің оқушысы география пәні бойынша додаға түсуге келген.

ДІЛНАЗ ҚАПЕН, пәндік олимпиадаға қатысушы:

— Мен бұрыннан география пәнін жақсы көремін. Олимпиадаға жетекшіммен 1-2 ай дайындалдым, жеңем деген үміттемін.

Бүгін НЗМ-да бақ сынайтын оқушылардың саны бұдан да көп болар еді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты шалғайдағы ұл-қыздар Петропавлға келе алмаған. Сол үшін білгірлер бәйгесі Ақжар және Ғабит Мүсірепов аудандарының орталығында да өткізілді. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапат күтіп тұр. Сонымен қатар, олар республикалық кезеңге жолдама алады.

Айсәуле Сәлімова