Sailau banner

Денсаулық сақтау

Жаңа Конституция – Жаңа Қазақстан: денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында маңызды кездесу өтті. Ақпараттық-насихаттық топ өкілдері медицина қызметкерлерімен жүздесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Жиын барысында азаматтардың денсаулығын қорғау құқығы, тегін медициналық көмек көлемі, ақылы медициналық қызметтердің қолжетімділігі, сондай-ақ бюджеттен тыс қаржыландыру көздері жан-жақты талқыланды

ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

— Жаңа Конституцияның қабылдануы – уақыт талабы. Біз 30 жыл бойы 1995 жылғы Конституциямен өмір сүрдік. Осы уақыт ішінде еліміз де, халқымыз да өзгерді, қоғамның ой-санасы жаңарды. Әр азаматтың дүниетанымы қалыптасып, мемлекеттің қоғамдағы рөліне деген түсінігі тереңдеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған тұжырымдама – Жаңа Қазақстан, жаңа стратегия және заң үстемдігіне негізделген жаңа қоғамдық тәртіп. Міне, осының барлығы жаңа Конституция жобасында бекітілген негізгі қағидаттар болып табылады.

Жаңа жобада азаматтардың денсаулығын қорғау құқығы 32-ші бапта нақты көрсетілген. Бұл бап бойынша азаматтар тегін медициналық көмек ала алады, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен ақылы медициналық қызметтерге де қол жеткізеді. Сонымен қатар, 7-ші бап діни ұйымдардың қызметіне шектеу қою арқылы халық денсаулығын қорғау, ал 23-ші бап ақпарат тарату мен сөз бостандығының денсаулыққа зиян келтірмеу қағидатын бекітеді.

АЛЕКСАНДР ГАССМАН, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары:

— Мен үшін медициналық қызметкер ретінде, азаматтардың денсаулығын қорғау және сақтау құқығы ең маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Жаңа Конституция жобасында тек тегін емес, ақылы медицинаның да дамуы айқын көрініс тапқан. Сонымен қатар, медициналық салаға арналған бюджет қаражатын ұлғайту және қаржылық қолдауды кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды бастамалардың жүзеге асырылуы да қарастырылған. Бұл бастамаларды мен аса бағалаймын.

Кездесу соңында ақпараттық-насихаттық топ өкілдері мұндай кездесулердің маңыздылығын атап, халыққа Конституция жобасының мәнін түсіндіру жұмысы жалғасатынын айтты. Медициналық қызметкерлер мен қоғам өкілдері жаңа жобаның болашағына сеніммен қарауда.

 

Жангельді Жамалиев