Облыстың білім саласында цифрландыру және жасанды интеллект жылы ресми түрде ашылды. Салтанатты шараға аймақтың түкпір-түкпірінен педагогтар мен мектеп директорлары келді. Сондай-ақ, өңір жетекшісінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты. Отырыстың бірінші бөлігі – көрмемен танысу. Қатысушыларға заманауи құралдар мен интерактивті платформалар көрсетілді. Бұларды сабақ барысында қолдануға, сол арқылы деректі оқушыларға жеңіл әрі түсінікті жеткізуге болады. Бұл алаң педагогтар үшін тәжірибе алмасу мен жаңа идеяларға жол ашты.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
— Мемлекет басшысы 2026 жылды “Цифрлық Қазақстан және жасанды интеллект жылы” деп жариялады. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облысының білім саласында биылғы жыл ресми ашылып отыр. Бүгінгі іс-шараға республика бойынша жетекші ірі провайдерлер қатысып, өздерінің заманауи шешімдерін таныстыруда. Көрме алаңында білім беру үдерісінде қолданылатын құрал-жабдықтар ұсынылды, әсіресе жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқыту жүйесінде тиімді пайдалану жолдары көрсетілетін тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды.
Жасанды интеллектінің білім саласында қолданылуы сабақтарды интерактивті етеді. Мұғалімдер жұмысты тез әрі сапалы атқарады. Ал оқушылар ақпаратты саралап, логикалық ойлау қабілетін дамытады. «Edata.kz» компаниясының директоры Санжар Кенжеханның сөзінше, вертуалды көмекшінің пайда болуы адамның күнделікі жұмысын жеңілдеткен.
САНЖАР КЕНЖЕХАН, «Edata.kz» компаниясының директоры, Астана қаласы:
— Зерттеулер мен тәжірибе көрсеткендей, жасанды интеллектіні қолдану көптеген процестердің тиімділігін орта есеппен 30-40 пайызға дейін арттырады. Бұл өз кезегінде жұмысты жылдам орындауға мүмкіндік беріп, уақытты үнемдеуге және нәтижелілікті көтеруге ықпал етеді.
Петропавлдағы мектептер де заманауи технологиядан қалыс қалмай, жасанды интеллектіні белсенді қолдануда. Бұрын ақпарат тек кітаптан алынса, енді оны оңай меңгеруге болады. Дегенмен, көпшілік мақтауындағы жаңашылдық әрдайым толық дұрыс дерек бермейтінін ескеру керек, сондықтан оны тек қосымша құрал ретінде пайдаланған жөн.
ОКСАНА НОВИКОВА, Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің директоры:
— Оқу жылы барысында мектебімізде жоспарлы және ашық сабақтарда жасанды интеллект мүмкіндіктері тиімді пайдаланылып келеді. Соның бірі – Қазақстан тарихы пәні бойынша көмекші. Ол Әлихан Бөкейханның даусын да жасап береді. Біз талдау жұмысын жүргіздік. Сонда заман игілігінің қате жауап бергенін анықтадық. Балаларымыз бұны назарға алулары қажет.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылының ресми ашылуы түстен кейін жалғасын тапты. Онда білікті мамандар ұстаздарға жасанды интеллектіні қолдану, нәтижеге жету бойынша кеңестер берді.
Жангельді Жамалиев