МТРА жаңалықтары

Петропавлға паркингі бар үйлер қажет

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс жұмыстары қызу жүргізіледі. Іске қазынадан 9,5 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл қаржы былтыр бағытталған ақшадан шамамен 3 есеге көп. Мұндай дерек Кәсіпкерлер палатасында аймақ басшысының орынбасары Нұрлан Кеңесовтің қатысымен өткен жиында айтылды.

ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

— Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Уәлиханов және Аққайың аудандарында үйлердің құрылысына байқау жарияланады. Бұл жайлы жақын арада хабарлаймыз. Сонымен қатар, Петропавлда, оның ішінде Қапай шағын ауданында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыстар жалғасады.

Петропавлға заманауи стильдегі үйлерді көптеп салатын күн жетті. Ол үшін мердігерлерге креативті көзқарас қажет. Жиын барысында Нұрлан Кеңесов осыған тоқталды.

 НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

— Біз неге еліміздің ең суық қалаларының бірінде паркингсіз үй саламыз? Көзіміз үйренген құрылыстан алшақтайтын уақыт келді. Ендігі баспаналарда не жердің астындағы, не жердің үстіндегі көлік тұрақтары болуы тиіс. Қазір ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мақсатымыз – оларды аймаққа тарту, тұрғын үй сапасының деңгейін көтеруі.

Кездесуде жоспар жайлы да айтылды. Алдағы уақытта Байболов көшесінің бойында екі 117 пәтерлік және бір 72 пәтерлік үй салынады. Сонымен қатар, “Южный” және “Бірлік” ықшам аудандарында қазандық тұрғызылуы мүмкін. Қазір бұл мәселе қарастырылып жатыр екен.

 СӘКЕН ӨТЕБАЕВ, қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

— “Бірлік” шағын ауданында көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда тұрмыстық кәріз жүйесі де жобалануда. Өткен аптада қала әкімі барлық коммуналдық қызметтермен кеңес өткізді. Болашақта шағын ауданда құрылыс жүргізу үшін инженерлік желілерді жеткізу қажет.

Іске қарқын қосу қажет. Аймақ басшысының орынбасары қалалық бөлімнің баяу жұмысын сынады. Сонымен қатар, Нұрлан Кеңесов ескі үйлерді сүру жұмысына тоқталды. Кейбір нысан иелері шамадан тыс ақша сұрайтын көрінеді. Атқамінер мұндай азаматтармен кездесіп, мән-жайды түсіндіру қажеттігін атап өтті.

 

Байболат Құлтанов