Мәдениет

Металлург жазушы туған жерінде кітабының тұсауын кесті

Петропавлда жазушы Мұратбек Оспановтың “Сана” атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл қаламгерді біреу білсе, біреу білмейді. Азамат Мағжан Жұмабаев ауданындағы Құралай ауылында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы Теміртау қаласында металлург болып еңбек еткен. Кітаптың тұсауын ел ағалары кесті. Бұл туынды адам санасы мен махаббат туралы. Автор өмірден түйгенін, көп жылғы тәжірибесін қағазға түсіруді жөн көріпті. Еңбек жоғары бағаланды.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағы СҚОФ директоры:

— Оқырмандардың атынан жақсы лебіздер шығып жатыр. Көпшіліктің көңілінен шықты.

Қаламгердің еңбектері кезінде республикалық басылымдарда жарияланған. “Жалын” журналында жарық көріпті. Жерлесіміздің жұмыстарын Сафуан Шаймерденов, Әбіш Кекілбаев сынды атақты жазушылар оң бағалаған екен.

МҰРАТБЕК ОСПАНОВ, жазушы, “Сана” кітабының авторы:

— Жазушы боламын деп жас кезде ешкі ойламайды. Жазу – тума талант. Туғаннан болса өте керемет. Бірақ, талантты болмаса да жазғысы келетіндер болады. Солардың бірі – мен. Мен – металлургпын. Өндірісте жүргенде түрлі ауыр жағдайларды бастан өткердік. Сол ойлар іште жиналып, жазуға итермелейді. Соны жастар түсінсін деп, білсін деп жаздым.

Туындының тұсаукесеріне жастар да қатысты. Оларға көпті көрген аға буын өкілдері ақылдарын айтты. Ал жергілікті таланттар бір серпілтті. Олар кіндік қаны тамған жерге алыстан келіп, кітабын таныстыруды жөн көрген жазушының құрметіне ән шырқады.