Облыстық әкімдікте мемлекеттік қызметкерлердің басы тоғысты. Отырыс барысында Ата заңдағы атқарушы билік өкілдеріне байланысты енгізілген жаңа өзгерістер түсіндірілді. Солардың бірі – мемлекеттік органдарға жас мамандарды тарту.
ГҮЛНӘР ЖУСАЛИНА, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:
— Болашақта мектеп оқушылары арасында ерте кәсіптік бағдарлау жұмыстары жүргізілетін болады. Мектеп оқушылары мемлекеттік органдарға кіріп, тағылымдамадан өтіп болашақта сол қызметке конкурстан тыс жұмысқа орналасады.
Жиынға Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов қатысты. Ержан Нағызханұлы елде орын алып жатқан реформалардың маңыздылығына тоқталды. Атқамінердің сөзінше, заңнамадағы өзгерістер аталмыш саладағы бәсекелестікті арттырып, мамандардың білікті болуына өз септігін тигізеді.
ЕРЖАН ҚАРЫМСАҚОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері СҚО бойынша департаментінің басшысы:
— Елімізде жүргізіліп жатқан реформалар халық үніне құлақ түретін үкімет құруға бағытталып отыр. Сол себепті, мемлекеттік қызмет саласында өң өзгерістер орын алады. Мәселен, мемлекеттік органға жұмысқа кіру кезіндегі іріктеу мен бағалау жүйесі өзгереді. Сонымен қатар, іріктеуге “eQyzmet” қосымшасы арқылы онлайн қатысуға болады. Сол арқылы білікті, талантты деген жастарды қызметке іріктеп алуға болады.
Сонымен қатар, жиын барысында сыбайлас жемқорлықтың салдары мен Әдеп кодексі жайы да сөз болды.
ЕКАТЕРИНА АУБАКИРОВА, СҚО әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі:
— Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметкерлер арасында жемқорлық азайған. Мамандар Әдеп кодексін де сақтауда. Яғни, бұл екі мәселе түйткілді емес, бірақ оны түп-тамырымен жоюға тиіспіз. Сол себепті, осы сынды іс-шараларды өткізуіміз керек. Пара алған мемлекеттік орган қызметкері ешқашан аталмыш салаға қайтып келе алмайды, оны қызметке алған адам заң алдында жауапқа тартылады.
Айта кетейік, бейінді департамент өкілдері осы сынды іс-шараларды жиі өткізеді. Басты мақсат – мемлекеттік қызмет саласының мамандарына заңнамадағы өзгерістерді жеткізу.
Ұлан Ыдырыс