Петропавлда қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Бүгінгі жиында мәселелер талқыланған жоқ. Енгізілетін Конституция жайлы сөз болды. Шарада алғаш болып сөз сөйлеген “AMANAT” партиясы “Болашақ” филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель өзгертулердің нәтижесінде әділетті Қазақстан қалыптасатынын жеткізді. Ол кеңес мүшелерінен қолдау сұрады, халықты барынша ақпараттандыру қажеттігін атап өтті.
АЛЕКСАНДР ЗЕЛЬ, “AMANAT” партиясы “Болашақ” филиалының атқарушы хатшысы:
— Билік пен халық біріксе ғана оң өзгерістерге жол ашылады. Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандығына ерекше мән берілген. Білім мен ғылым да шетте қалмады. Заң және Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар Ата заң деңгейінде бекітілді. Бұл – бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Енгізілетін өзгерістерге бейжай қарамай, елдің дамуына өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Қоғамдық кеңес мүшелері баяндамашының сөзімен толықтай келіседі. Себебі, Конституцияны әр саланың жілігін шағып, майын ішкен азаматтар толықтай қарап шықты. Нәтижесінде Ата заңымызға 84 пайыз өзгертулер енгізілді. Соңғы шешімді халық қабылдайды.
ШАМИЛЬ ШАКИРОВ, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:
— Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтқан сөздерімен толықтай келісеміз. Жаңа Конституция жаһандық бәсекеге қабілетті болуға, әр саланың тұрақты дамуына септеседі. Мені бір қуантқаны – білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлінуі. Дарынды жастардың еңбек етуіне жағдай жасасақ, жан-жақты қолдау көрсетсек, еліміз де қарыштап дамиды. Себебі, тұрғызылатын әр дүниенің іргетасы берік болуға тиіс.
Жиынға қатысушылар конституциялық реформаның түпкі мәні – құқықтық сабақтастықты сақтау, қоғам тыныштығын қамтамасыз ету деп санайды.
Нұрасыл Ахмет