Білім

Заманауи мектепте “Гуманитарлық пәндер апталығы” өтуде

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Біз соңғы жылдары сан ғасырлық тарихи мұрамызды ғылыми түрде дәріптеуіміз қажет. Деректі фильмдердің көптеп түсіріп, қазақ тарихын әлемге паш еткен абзал. Абай, Шәкәрім сынды ұлы тұлғалардың айтқан сөздері мен мұрасына сүйеніп, жастарды тәрбиелеуіміз тиіспіз. Біз сонда ғана бірлікте болып, талай жетістіктерге жетеміз.

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтқан бұл сөздері өте орынды. Өткенімізді білмей, болашаққа қадам басу мүмкін емес. Осы қағиданы Петропавлдағы №28 жалпы білім беретін мектептің ұстаздары мен оқушылары берік ұстанады. Қазіргі таңда оқу орнында “Гуманитарлық пәндер апталығы” өтіп жатыр. Шара аясында педагогтер ұлт тарихына терең үңіліп, ұл-қыздарға ата-бабаларымыз қолданған дүниелерді көрсетті. Оның ішінде ат-әбзелдер мен қамшы сияқты заттар бар.

ҒАЛИЯ МҮСЛІМОВА, №28 жалпы білім беретін мектептің тарих пәні мұғалімі:

— Апталық аясында балаларға құқықтық сауаттылық жайлы біршама ақпарат бердік. Ашық сот процесін өткіздік.

Мектептің акт залында да ерекше шара ұйымдастырылды. 6-7-ші сыныпта оқитын оқушылар ежелгі сақ, ғұн тайпалары жайлы қойылым дайындаған. Онда Томирис патшайым мен Аттила патшаның ерліктері көрсетілді. Тарихта алтын әріптермен жазылған ұлы тұлғалар – мына отырған ұл-қыздарға үлгі. Осындай туындылар жастарға жиі көрсетілсе, ел қамын ойлайтын азаматтардың буыны қалыптасады.

“Келешек мектептері” жобасы аясында қолданысқа берілген оқу орнында балаларға бар жағдай жасалған. Спорт, музыка, роботехникамен айналысуға мүмкіндік зор. Барлығы 19 үйірме жұмыс істейді. Ұстаздардың барлығы – білікті мамандар. Әрқайсысы жұмысқа кірер алдында іріктеуден өткен.

РОЗА АЖДАНОВА, №28 жалпы білім беретін мектеп директорының орынбасары:

— Мектепте 650-ге жуық адам тәлім алады. Әр кабинет керекті жабдықтармен толық қамтылған.

Ұлттық құндылықтар дәріптелген шара әлі де жалғасын табады. Ертең оқушыларды қызыққа толы тағы бір бағдарлама күтіп тұр.

 

Нұрасыл Ахмет