Ұлттық құрама сапында Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Владислав Кобаль өнер көрсетеді. Команда мүшелері алдағы жарыста бар күш-жігерін салуға ниетті. Бұл дода – олардың кәсіби шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеуге мүмкіндік.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— СҚО-ның намысын абыроймен қорғап халықаралық аренада еліміздің беделін арттырып, әлемге танытатын спортшылармызды XIV қысқы Паралимпиада ойындарына салтанатты түрде шығарып салу үшін бас қосып отырмыз. Біздің спортшылар 7 жолдама иеленіп, өңіріміздің спорт тарихында жарқын із қалдырды. Бұл – бәріміз үшін үлкен мақтаныш.
14-ші қысқы паралимпиада ойындарында еліміз екі спорт түрі, яғни парашаңғы мен парабиатлон бойынша тоғыз спортшыны жібереді. Олардың қатарында биатлоннан Әлем кубогының жалпы есебін жеңіп алған және Хрусталь глобус иегері – Ербол Хамитов бар.
ЕРБОЛ ХАМИТОВ, парабиатлоннан әлем чемпионы:
— Мен үшін паралимпиада ойындарында көк туымызды алып шығу және Қазақстанның намысын қорғау зор мәртебе әрі жауапкершілік. Біз кеше ғана әлем кубогына қатысып келдік. Алдағы уақытта әлі де дайындықты пысықтаймыз. Паралимпиада ойындарының ашылуы 6-шы наурызда өтеді. Келесі күні парабиатлоннан 7 жарым шақырымға бірінші жарысымыз басталады.
17 жастағы Владислав Кобаль алғаш рет халықаралық жарысқа қатысып, еліміздің намысын қорғауға аттанады. Ол ең жас қатысушы ретінде тәжірибелі спортшылармен бірге сайысқа түседі. Бұл жарыс оған өзінің шеберлігін көрсетуге және жаңа тәжірибе жинауға мүмкіндік беріп отыр.
ВЛАДИСЛАВ КОБАЛЬ, XIV қысқы паралимпиада ойындарына қатысушы:
— Менің сезімдерім аралас. Қуаныш та, уайым да бар. Мен тек өз командамда ғана емес, бүкіл әлем елдері арасында да ең кішімін. Бірінші рет халықаралық жарысқа қатысып тұрғандықтан, әсіресе тәжірибелі спортшылармен бірге сайысқа шығатыным біршама толқытады. Мен шаңғыға жеңіл атлетика арқылы келдім. Бала кезімнен жүгірумен айналыстым. Кейін жеңіл атлетика мен үстел теннисін белсенді түрде бастадым.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде инклюзивті спортты дамытуға барлық жағдай жүйелі түрде жасалып келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Үміт» клубы жұмыс істейді. «Самұрық-Қазына» корпоративтік орталығы және «Қазақстан халқына» корпоративтік қорының қолдауымен Петропавлда спорттық-сауықтыру орталығын салу жоспарланған.