Жаға ұстатарлық жағдай! Айыртау ауданындағы мектептердің бірінде сірке суын ішкен оқушы өмірі үшін күресуде. 2009 жылы туған қыз бала алғашқы сабаққа қатыспай, дәретханада сұйықтықты пайдаланған. Оны мұғалімдер тауыпты. Кейін аудандық ауруханаға жеткізілген науқас санавиациямен, яғни тікұшақпен Петропавлға алынған. Оған облыстық көпбейінді балалар ауруханасының мамандары көмек берген екен.
ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
— Науқастың жағдайы өте ауыр болғандықтан оны санавиациямен, яғни тікұшақпен қалаға жеткізді. Медицина қызметкерлері осы шараға тікелей қатысты. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Әзірге нақты шешімдер айтуға немесе болжам жасауға болмайды.
Науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оқушы не себепті мұндай қадамға барды? Бұл сұраққа әлі жауап жоқ. Тиісті органдар тексеруге кіріскен.
ӘСЕЛ ОРАЗБАЕВА, СҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы:
— Мектепте оқушыға жағымды мінездеме берілді. Ол ешкіммен жанжалға қатыспаған және оқушылармен, мұғалімдермен жақсы қарым-қатынаста болған. Оқиға болғаннан кейін мектепке психологиялық қолдау орталығының мамандарынан құралған мобилді топ жіберілді. Білім басқармасы медициналық қызмет және құқық қорғау органдарымен тікелей байланыста. Сонымен қатар, қыздың ата-анасына қолдау көрсетіліп жатыр.
Жангельді Жамалиев