Мәдениет

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қасымовтың туғанына – 76 жыл

Биыл Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қасымовтың көзі тірі болса 76 жасқа толар еді. Қасиетті теріскей топырағында туып, өнердегі биік белестерді бағындырған асыл азаматты жерлестері ұмытқан емес. Біртуар тұлғаның өмірге келген күніне орай Петропавлда еске алу кеші өтті. Жиынға оның жора-жолдастары, әріптестері, жақындары жиылды. Жұртшылық бірауыздан Қуандық Ишанғалиұлының жарқын бейнесі мәңгі есте қалатынын жеткізді. Өшпейді, ескірмейді, ұмытылмайды…

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Мектепті бітіре салысымен Алматыдағы өнер колледжіне оқуға түсіп, дирижер маманы атанды. Демалыс кезінде елге келіп, хор дайындады. Біз кейін сайыстарда жеңімпаз да атандық. Ол – өзінің туған жерінде өнерді дамыту үшін барын берген адам.

Қуандық Қасымовтың туған жері – Жамбыл ауданы, Баян ауылы. Өнерпаздар отбасында дүниеге келген бала Қуандық кішкентай кезінен дарынды болған. Жастайынан концерттерге қатысып, халық әндерін орындаған. Қазақтың қос ішекті ұлттық аспабын қолынан тастамаған. “Ат тұяғын тай басар” дегендей, ол өнерпаз әкесі Ишанғалидың жолын жалғады. Өзі де ер жеткен шақта шаңырақ көтеріп, асыл жар, қамқор әке болды.

РАИСА ҚАСЫМОВА, Қуандық Қасымовтың зайыбы:

— Қуандықтың адамгершілігі мол болды. Айтқан сөзінде тұратын, ешкімнің ала жібін аттамаған жан. Филармонияға құлдырап жатқан сәтінде келіп, ұжымның тарап кетпесі үшін бар жағдай жасады.

Біртуар жан бірнеше жерде басшылық қызмет атқарды. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында директер болып зейнетке шыққан. Облысымызда алғашқылардың бірі болып, “Ақ бидай”, “Әдемау” сынды өнер ұжымдарын жасақтады. “Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді” демекші, Қуандық Қасымов солтүстікқазақстандықтардың ғана емес, барша қазақтың есінде. Оның өнері халық арасында айтылып келеді. Талантты тұлғаның артында қалған ұлы мен қызы бар. Бүгінде аталарының жолын жалғар немере-жиендері өсіп келеді.

 

Мадина Қаби