Енгізілетін жаңа Конституция Преамбуласында білім мен ғылымға және мәдениетке ерекше көңіл бөлінген. “Бұл еліміздегі білім сапасын күшейтіп, ғылыми жетістіктерге жол ашады”, – дейді Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы Ербол Исақаев. Басшы Ата заңымыз елдің даму бағытын айқындайтынына сенеді.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:
— Университет ұжымы Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдайды. Қазіргі таңда білім ордасында 6 мыңнан астам студент оқиды. Алдағы уақытта біз оларға түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Жастар Ата заңымыз жайлы жетік білуі тиіс.
Ербол Маратұлы соңғы 5 жылда елімізде ғылым мен білімге жүйелі қолдау жасалғанын атап өтті. Гранттардың саны артты, қаржыландыру көбейді, жаңа жобалар іске қосылды. Сонымен қатар, зерттеу инфрақұрылымы жаңарып, жас ғалымдарға жағдай жасалуда. Қозыбаев университетінің студенттері жыл сайын 10-нан астам мемлекетке барып, тәжірибе жинақтайды. Мұхит асып, бірнеше ай бойы әлемге әйгілі ғалымдардан тәлім алады. “Бұл шаралар өңір экономикасының дамуына тың серпін береді”, – дейді Ербол Исақаев.
ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма төрағасы-ректоры:
— 2024 жылы университетте ғылыми бағытқа 328 млн теңге бөлінді. Былтыр бұл сома 3 есеге өсті. Бұл қаржыға білім ордасындағы зертханаларды жаңарттық, су жаңа қондырғылар сатып алдық. Алдағы уақытта қытайлық серіктестерімізбен бірлесіп, қала іргесінде ауқымды орталық ашуды жоспарлап отырмыз.
Елдің болашағы – жастардың қолында. Ал ел ертеңін ойлайтын ұрпақ тәрбиелегіміз келсе білім мен ғылымға ерекше мән беруіміз қажет. Бұл -Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты ұстанымы. Ата-бабамыз “Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы” деп бекерден-бекер айтпаған.
Нұрасыл Ахмет