Петропавлда облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесовтің қатысуымен аймақтағы газ желілері ұйымдарының өкілдерімен кездесу өтті. Жиын барысында күн тәртібінде тұрған түйткілді мәселелер талқыға түсті. Қос тарап та өзін алаңдатқан сұрақтарға жауап алды. Мұндағы басты мақсат – өңірде газ тапшылығын болдырмау.
ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы:
— Біз өңірдегі 6 ірі газ сататын кәсіпорынның жұмысын талдадық. Оның нәтижесі бойынша былтыр серіктестіктердің тауар айналымы 12 млрд теңгені құрады. Бірақ, кәсіпорынды дамытып, жаңа жабдықтар орнату үшін мекемелер тек 106 млн теңге жұмсаған. Сол себепті, газ желілерінің ескіруі түйткіл болып отыр. Аймақта көгілдір отынның тапшылығын болдырмас үшін осы мәселелерге баса назар аудару керек.
Нұрлан Маратұлы барлығын жіті тыңдады. Облыс әкімі орынбасарының сөзінше, аймақта газ тапшылығын болдырмас үшін ауқымды іс-шаралар жүргізілуде. Мәселен, былтыр ҚР үкіметі мен «Газпром» ЖАҚ арасында меморандум жасалған. Қазіргі таңда келіссөздер жүріп жатыр. Егер қос тарап тиісті инвестициялық шешімдерге қол жеткізсе, 2030 жылы теріскей мен Ақмола облысы және Астана қаласына Ресейден газ тартылады.
НҰРЛАН КЕҢЕСОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
— Қазіргі таңда бекітілген арнайы жол картасы бар. Жоспар бойынша ол Петропавл қаласынан өтіп Көкшетау, Астанаға дейін жетеді. Оны жүзеге асыру үшін әлі келіссөздер жүргізілуде. Бағасы мен жоба құны анықталады. Келесі жылы бұл бойынша нақты шешім қабылдануы тиіс. Бірақ, сіздер де құр қол отырмай, дайындық жүргізулеріңіз керек. Себебі, Ресейден сұйық отын келсе оны қабылдап, тұрғындарды қамтамасыз ету үшін сапалы техника мен жабдықтар қажет.
Айта кетейік, ел үкіметі мен «Газпром» компаниясы арасындағы жоба жүзеге асса, газ құбырының жалпы ұзындығы 700 шақырымға жуықтайды.
Ұлан Ыдырыс