Мәдениет

Талантты ұл-қыздар туындыларымен тәнті етті

Петропавлда дарынды жастардың басы тоғысты. Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында “Ұлы дала өнері” атты қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды. Шараға жергілікті және аудандардан жиналған 14 пен 17 жас аралығындағы шеберлер қатысты. Батырхан Хамитов 15 жаста. Петропавлдағы 1-ші арнайы мектеп интернатының оқушысы ағаштан бүркіт жасаған. Туындысы бірден көзге түседі. “Қалауын тапса қар жанар” дегендей, қыран құс қос қанатын қағып тұр. Жас шебер ол үшін жіпті дәл өлшеммен байлапты.

БАТЫРХАН ХАМИТОВ, №1 арнайы мектеп-интернатының оқушысы:

— Бірінші құстың қанатын, денесін, аяғын бөлек-бөлек дайындап, кейін бір-біріне жалғадық.

Қиялдарында шек жоқ әрі он саусағынан бал тамған балалардың жұмыстары бірінен-бірі өтеді. Олар табиғи және тұрмыстық материалдарды кәдеге жаратқан. Ұлттық нақыш пен замануи стиль үйлесім тапқан жұмыстар көрермендердің ерекше қызығушылығын оятты. Көрменің мақсаты – жастардың шығармашылық қабілетін ояту, оларды таныту және өнерімізді насихаттау.

САЯН ЕРМЕК, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бөлім меңгерушісі:

— Байқау 6 номинация бойынша өтіп жатыр. Бірінші – тоқыма бұқымдарын жасау: гобелен, кесте, бисер, киіз басу. Екіншісі – ағаштан, сүйектен, былғарыдан бұйым жасау.

Жалпы, көрмеге 80-ге жуық дарынды баланың жұмысы қойылды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жылдан жылға қатысушылардың да саны артып келеді. Әр жұмыс бағаланады. Сол бойынша ұл-қыздарға жүлделер табысталмақ.

 

Мадина Қаби