Петропавлда «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар үшін әлеуметтік-құқықтық бағыттағы іс-шара өтті. Оған 500-ге жуық адам қатысты. Мақсат бір – сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттырып, оларды қоғамға бейімдеу және өмірлік маңызды мәселелер бойынша жан-жақты қолдау көрсету.
ЯСИН ӨМІРТАС, Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры:
— Қазіргі кезде сотталғандарға тұрмыстағы маңызды әртүрлі мәселелер бойынша тез және сапалы қызметтер көрсетіледі. Прокуратура органдары сотталған тұлғаларға әлеуметтік тұрғыда бейімделу үшін барлық жағдай жасауда. Біз әрбір сотталғанның түзету жолына түскенін және өзін еңбекте, отбасында және қоғамда көрсете алғанына қызығушылық танытамыз.
Сонымен қатар, іс-шара аясында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары да таныстырылды. Бұл бағытта «Даму»қорының қызметін айта кетуіміз қажет. Ұйым микро, шағын және орта бизнес өкілдерінің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың тұрақты дамуына жағдай жасап келеді.
СЕРІКБЕК САРЖАН, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:
— Кәсіпкерлердің негізгі мәселелерінің бірі – несие алу кезінде кепілдіктің жетіспеуі. Осы мәселені шешу мақсатында кепілдендірудің екі құралы енгізілді: кредит сомасы 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға арналған “Кепілдік қоры-1” және қаржыландыру көлемі 7 млрд теңгеден асатын, яғни ірі инвестициялық жобаларға арналған “Кепілдік қоры-2” бағдарламалары.
Пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды қолдау мақсатындағы шарада жұмыс ұсынушылар да төбе көрсетті. Олар арнайы тізімдегі жандармен тілдесті, өздері тарапынан жасалатын мүмкіндіктерді баяндады.
Жангельді Жамалиев