Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірттері “GenerativeX 2026” халықаралық хакатонының жүлдегерлері атанды. Байқау 5 елден келген 350-ден астам оқушы мен студенттің басын біріктірді. Қорытынды сайыс Назарбаев Университетінде өтті. Айтулы шарада 9-шы сынып оқушыларынан құралған KAZP командасы “Startup Track” номинациясы бойынша 3-ші орын иеленді. Генеративті жасанды интеллект және инновациялық цифрлық шешімдерге арналған хакатонда ұл-қыздарымыз білім, мансап және жоба мүмкіндіктерін табуға көмектесетін онлайн-платформа ұсынды.
АРТУР ШТЕЙНЕР, жаратылыстану-математика бағытындағы НЗМ оқушысы:
— Платформа студенттерге де, жұмыс берушілерге де пайдалы болмақ. Студенттер өздеріне сай ұсыныстар таба алады, ал жұмыс берушілер өз бастамалары мен жобаларын орналастырып, ынталы және дарынды жұмысшылар іздейді. Жоба аз уақыт ішінде әзірленді. Бізге тек бір апта уақыт берілді. Біз командадағы рөлдерді өзара бөлістік: мысалы, мен backend-әзірлемеге жауапты болдым, басқалары frontend, дизайн, жобаны қорғауға дайындалды. Жобамызды онлайн-форматта қорғап шықтық. Өнім пайдалануға дайын. Болашақта оны өз өңірімізде іске жаратып, кейін мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз.