Көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ тәрбиелейміз десек, батысқа бет бұрудың қажеті жоқ. Кейінгі толқынға артынан өшпестұғын із қалдырған атақты Абайды танытсақ жеткілікті. Жастарға данышпанымыздың мол мұрасын жақындату, ұғындыру мақсатында Ақан сері атындағы облыстық филармония қабырғасында театрландырылған қойылым сахналанды. «Абайдың қара сөздері» атты туындыны жасөспірім жастағы ұл-қыздар тамашалады. Абай – адамдықтың, адалдықтың үлгісі. Оның өлеңдері, қара сөздері жүрек түкпіріне жетеді, ала жіпті аттамауға шақырады.
РАУАН ТУҒАНБАЙ, Петропавл қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры:
— “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде облыс прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп, оқушыларға “Абайдың қара сөздері” атты театрландырылған қойылым ұсынды. Қойылымның негізгі мақсаты – жастардың адамгершілік және құқықтық тәрбиесін арттыру. Жастарды тәртіпке бағынуды үйрету.
Кеш әртүрлі бағытты қамтыды. Абайдың қара сөздері, өлеңдері оқылды, әндері шырқалды. Осы арқылы жастар тағылымды ой қалыптастырды.
Ойшылдың философиясы – қайнар бұлақ, түбі жоқ теңіз. Әр адам өзіне іздегенін Абайдан алады.
БІРЖАН ЕСЖАНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:
— Көп нәрсені Абай тағылымынан іздеп жатамыз. Оның сөздері бүгінгі күні де ұмыт қалған емес. Ол кісі елді бірлікке шақырып, ел ішіндегі тәртіп туралы да әдемі айтып кеткен. Мен Абай Құнанбаевтың “Сегіз аяқ” деген әнін орындаймын.
Мамандар құқық бұзушылықтардың алдын алу және кәмелетке толмағандар арасында бұзақылықты азайту мақсатында болашақта тағы да осы сынды шараларды көптеп өткізбекші.
Мадина Қаби