Шетелдік және қазақстандық диқандар мен тауар өндірушілер теріскейде бас қосты. Петропавлда “Тұқым-2026 Қызылжар” атты халықаралық конференция өтті. Айтулы шарада ауыл шаруашылығы саласында зор жетістікке жеткен жандар солтүстікқазақстандықтармен тәжірибелерімен бөлісті. Мамандар тқымды дұрыс таңдау, өсу кезіндегі ерекшеліктер, қорытынды нәтиже бойынша маңызды кеңес берді.
ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
— Конференцияны өткізудегі мақсат – диқандарды сапалы тұқыммен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, арадағы ынтымақтастықты арттыру. Мәселен, диқандарымыз сапалы тұқым үшін шет мемлекеттерге барады. Ол – біршама шығын және уақыт. Бүгінгі шарада еңбеккерлер сатушылармен тікелей сөйлесіп, келісімшарт жасаса алады.
Конференция аясында ұйымдастырылған көрмеде 50-ге жуық компания өкілдері 150-ден астам тұқым түрін ортаға қойды. Оның ішінде дәнді және майлы дақылдар мен бұршақ тұқымдастар да бар. Шарада Ресейдің Қорған облысынан әкелінген тұқымға сұраныс көп болды. Аталған аймақтан шыққан өнімнің бір ерекшелігі – ауа райын таңдамайды.
АРТЕМ МОРГУНОВ, “Агрокомплекс Кургансемена” компаниясы директорының орынбасары, РФ:
— Компаниямыздың құрылғанына 30 жылдан асты. Біздің өнім Қазақстанда сұранысқа ие. Диқандар қашанғы ауа райын ойлап, уайымдап жүреді. Сол себепті, бидайдың “Сорго” атты тұқым түрін шығардық. Бағасы басқаларынан 15 пайызға қымбат. Бірақ, мол өнім алуға мүмкіндік береді.
Әрине, сапалы тұқым – мол өнім кепілі. Бірақ, ол үшін тұқымға ғана сенудің қажеті жоқ. Қажырлы еңбек, сапалы техника мен минералды тыңайтқыш та маңызды рөл атқарады. Ұйымдастырушылар осыған ерекше мән берген. “Rinchen Agro Kazakhstan” серіктестігі ел диқандарын гербицидпен қамтамасыз етіп отыр. Олар химиялық қоспаны тікелей қытайлық зауыттан әкеледі екен.
МЕРЕЙ НҰРҚОЖА, “Rinchen Agro Kazakhstan” ЖШС сату жөніндегі менеджері:
— Біздің гербицидтердің экологияға мүлдем зияны жоқ. 5 күнде арамшөптің кез келген түрін өлтіреді.
Халықаралық конференцияға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Өңір жетекшісі қаз-қатар тізілген компаниялардың шығарған өнімдерімен танысты. Конференцияда ауыл шаруашылығына толықтай жасанды интеллектіні енгізу мәселесі қозғалды. “Заман игілігінің арқасында жыл сайын мол өнім алуға болады”, – дейді өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Конферецияның екінші жыл қатарынан облыста өтуі – біз үшін зор мәртебе. Шараға 10 мемлекеттің жетекші компаниялары арнайы келген.
Жалпы өңірлік өнімнің 25 пайызын ауыл шаруашылығы құрайды. Былтыр жергілікті шаруалар қамбаға 6 млн 600 мың тонна астық құйған.
Нұрасыл Ахмет