Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел тұрғындары мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматын кеңінен қолданған. Мысалы, 2024 жылы тиісті қызметке 8,2 млн адам жүгінсе, былтыр 15 млн-ға жуық азамат жүгінген. Халық арасында көбіне электронды цифрлық қолтаңба, сотталмағандығы туралы анықтама алу және тұрғылықты жерге тіркелу сынды қызмет түрлері сұранысқа ие.
АРМАН КЕНЖЕҒАЛИЕВ, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы:
— Біздің қызметіміздің негізгі мақсаты – азаматтарға барынша ыңғайлы әрі қолжетімді жағдай жасау. Әр адам мемлекеттік қызметті өзіне қолайлы тәсілмен алуы тиіс: біреулер мобильді қосымшалар мен электрондық үкімет порталын таңдаса, өзгелері банк қосымшаларын немесе ХҚКО-ға жүгінуді жөн көреді. Біз үшін ең бастысы – қызмет алушылардың жайлылығы мен қанағаттану деңгейі.
Сонымен қатар, Қазақстанда өткен жылы ХҚКО-на барып жүгінетін жандардың саны азайған. Былтыр бұл көрсеткіш 13 млн адамды құрапты. Ал 2024-те 15 млн-ның үстінде болған. Өңірімізге қатысты да деректермен бөлісейік. 2025 жылы облысымызда тұрғындар 700 мыңға жуық қызмет алған.
Ұлан Ыдырыс