СҚО әкімдігі

Қала активі Ата заңға енгізілетін түзетулерді талқылады

Петропавл әкімдігінде қалалық актив мүшелері конституциялық реформа жайын талқылады. Кездесуді шаһар басшысы Серік Мұхамедиев ашты. Ол Ата заңымыз қаншалықты өзгеретінін айтып өтті.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

— Жаңартылған Конституция 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Түзетулер Ата заңның 84 пайызын қамтиды. Яғни, 104 баптың 77-сі өзгереді. Сонымен қатар, Конституцияның кіріспесінде ең басты орынға адам және оның құқықтары мен бостандығы жазылған.

Қалалық мәслихат депутаты Ләззат Жалмұқанова Ата заңның жаңа жобасына сәйкес Қазақстан зайырлылық статусын айқындай түскенін атап өтті. Бұл нені білдіреді? Енді еліміздің басқару жүйесі діни қағидаларға емес, зайырлы, құқықтық негізге сүйенетін болады.

ЛӘЗЗАТ ЖАЛМҰҚАНОВА, қалалық мәслихат депутаты:

— Конституцияның жаңа жобасында білім беру мен тәрбие жүйесі зайырлылылық негізге сүйене отырып жүзеге асырылады деп жазылған. Ол тайға таңба басқандай көрініп тұр. Бұл – барлық бала бірдей білім алып, дамуына жасалған қадам. Білім саласына жақын болғандықтан, өз басым бұны құптаймын. Еліміз – көпұлтты мемлекет. Сол себепті, аталмыш заң елдің ауызбіршілігін арттырады.

Сонымен қатар, кездесу соңында Серік Мұхамедиев қаламыздың құқық қорғау органдарына жаңадан тағайындалған жандарды таныстырды. Енді Петропавл қалалық полиция басқармасын Серік Әлжанов басқарады, ал прокуратураға Ғалымжан Әубәкіров жетекшілік етпек.

 

Ұлан Ыдырыс