Петропавлда ондаған студентке интернет-алаяқтық жайлы айтылды. Жастардың қаржылық сауаттылығын арттыру – қазіргі таңдағы аса өзекті мәселенің бірі. Себебі, әлеуметтік желілердегі пысықайлар арам ойларын жүзеге асыруды жалғастыруда. 2025 жылы өңірде 600-ден астам жерлесіміз қулардың құрбаны болған. Келтірілген шығын көлемі 1 млрд теңгеден асып жығылады.
МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
— Биыл облыста 30-дан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Оның басым бөлігінде қулар ойлағандарын дропперлер арқылы іске асырған. Біреуге көмектесем деп опық жеген ұл-қыздар қаншама. Арасында сотталып кеткендері де бар. Сондықтан да біз жастармен ұдайы кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.
Интернет-алаяқтар жылы-жылы сөйлеп, жыланды інінен шығара алады. “Менің картам бұғатталған, сіздің атыңыздан ақша аударуға бола ма?” деуі мүмкін. Біреуге көмектесем деп опық жемес үшін мұндайдан аулақ жүрген абзал. Айта кету керек, шараны қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
— Алаяқтар сіздің шотыңызға ақша жіберіп, қайта аударуды өтінуі мүмкін. Мұндай жағдайда аса сақ болған дұрыс. Банкке барып, мән-жайды білу қажет. Қаражатты ресми түрде ғана аударған жөн. Осы сияқты схемаларды біз жастарға түсіндіреміз. Жыл басынан мұндай 12 шара өткіздік.
Полицейлердің айтуынша, қазіргі таңда зейнеткерлер үйде отырып, табыс табуды көздейді. Түрлі сайттарға кіреді, жеке деректерін ұсынады. Ал қулар сол бойынша білгенін істейді. Жиынға қатысқан жастар шарадан алған мағлұматты жақындарына жеткіземіз, – дейді.
АРЫСТАН ЖАҚЫПБЕКОВ, студент:
— Шарадан мол мағлұмат алдым. Мен білмейтін дүниелер көп екен. Осыдан бір жыл бұрын әкем алаяқтарға жем бола жаздады. Ол ватсапқа ноутбук арқылы кіріп, ашық қалдырып кеткен. Алаяқтар қалай екені белгісіз қашықтықтан мессенджерге кірген. Артынша барлығынан ақша сұраған. Біз полицияға жүгіндік. Мәселе бірден шешілді.
Алаяқтарға алданып қалған жандар өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Қайғылы жайттардың алдын алу үшін осы сияқты түсіндірме жұмыстары ауадай қажет. Еске сала кетейік, шара “Заң және Тәртіп” қағидаты аясында өткізілді.
Нұрасыл Ахмет