СҚО әкімдігі

Мирас Сабағанов: “Жаңа Конституция еңбек адамдарының алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді

Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен Конституция жобасындағы өзгерістерді талқылауға арналған кеңес өтті. Өз сөзінде ведомство басшысы жаңартылатын Ата заң еліміздің дамуына зор септігін тигізетінін атап өтті. Сонымен қатар, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері адам құқығына айрықша мән бергені көңіл қуантатынын жеткізді.

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

— Конституция мемлекетке халықтың әл-ауқатын арттыру міндетін жүктейді. Әлеуметтік саясат қосалқы функция емес, стратегиялық бағыт ретінде айқындалады. Елдің болашағы адам капиталынын сапасымен тығыз байланысты. Сондықтан тұрғындар да билікке қолдау көрсетіп, мемлекеттің дамуына үлес қосу қажет.

Алқалы жиынға облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері қашықтықтан қатысты. Жұмысшылардың құқықтарын қорғайтын мамандар бастаманы қолдайды. Аталған салада да оң өзгерістер орын алатынына сенеді.

МИРАС САБАҒАНОВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:

— Жаңа Конституцияда еңбек адамдарының құқығына да ерекше мән берілген. Мәселен, жалақы төлемей жүрген жұмыс берушілерге қатысты заң қатаңдатылды. Салынатын айыппұл көлемі де ұлғайды. Бұл жұмысшылардың уақытылы жалақы алып, алаңсыз еңбек етуге мүмкіндік береді.

Мемлекет тарапынан салаға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, биылдан бастап елімізде зейнетақы мен жәрдемақылардың көлемі едәуір өсті. Алдағы уақытта да оң өзгерістер орын алатын болады.

 

Ұлан Ыдырыс