СҚО әкімдігі

Қоғамдық кеңес мүшелері конституциялық реформаны талқылады

Мемлекетімізде конституциялық реформа орын алып жатқаны бәріне мәлім. Өзгеріс Ата заңның 77 бабын қамтыды. Бұл жалпы Конституцияның 84 пайызын құрайды. Оның жаңартылған түрі -Преамбула, 11 бөлім және 104 баптан тұратын болады. Осы орайда өңірдегі Қоғамдық кеңес мүшелері отырыс өткізді. Жиын барысында заңнамадағы бетбұрыстар талқыланды. Бірінші болып облыстық мәслихат төрағасы Владимир Бубенко өз пікірін білдірді.

ВЛАДИМИР БУБЕНКО, облыстық мәслихат төрағасы;

— Ең басты өзгерістер бірпалаталы Парламент, яғни Құрылтайды құруға байланысты болады. Ата заңды жаңарту 21-қаңтарда құрылған конституциялық комиссияға тапсырылды. Құрылтай 145 депутат пен 8 комитеттен тұрады деп көзделіп отыр. Олар бұрынғыдай 5 жылға сайланады. Шешім шығарушы комиссияның барлық отырыстары ашық түрде өтуде, бұл – өте қуантарлық жайт. Себебі, мемлекет азаматтардың даусын естуі тиіс.

Ата заңға енгізілетін новеллалар тек жаңа парламентті құру ғана емес, басқа да түйткілді мәселелерді де қамтымақ. Солардың бірі неке институтын нығайтуға, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және балалардың құқығын қамтамасыз етуге бағытталады.

СЕРГЕЙ ХУДЯКОВ, қоғам белсендісі:

— Мені қатты қуантқаны – бұл Конституцияда неке институтының бекітілгені. Себебі, қазіргі таңда неше түрлі теріс үрдістер қалыптасуда. Бұл оның алдын алады. Сонымен қатар, Халық кеңесінің құрылуы да жақсы идея деп ойлаймын. Оның ішінде 42 өкіл әр түрлі этно-мәдени бірлестіктерден тағайындалады.

Сонымен қатар, отырыс барысында Конституциядағы өзге де өзгерістер жайы сөз болды. Айта кетейік, осыған дейін Ата заңға түзетулер 6 рет енгізілген, ал ең көлемді жаңарту 2022 жылы орын алған еді.

 

Ұлан Ыдырыс