Адам құқықтары мен бостандықтары – мемлекеттің басты құндылығы. Жаңа Конституция жобасының Преамбуласында бұл қағида алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқындалды. Бұл құжаттың бүкіл мазмұнынан көрініс тапты. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мәселесіне де айрықша мән берген. Облыстық мәслихат депутаты Евгений Кинцель өзгерістердің нәтижесінде елімізде құқықбұзушылықтардың саны азаяды деп есептейді.
ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, облыстық мәслихат депутаты:
— Жаңа Конституцияға азаматтардың құқықтарын қорғайтын, отбасының тыныштығын сақтайтын, елге пайдалы қаншама өзгеріс енгізіледі. Заң бар жерде тәртіп орнайды. Қазіргі алмағайып заманда ел іші мен сыртындағы тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Бұған билік өкілдері ғана емес, тұрғындар да атсалысуы тиіс. Біз бірігіп қана бар қиындықты жеңе аламыз.
“Заң мен тәртіп үстемдік етпейінше, ел дамымайды, сана өзгермейді”. Евгений Кинцель осылай деп есептейді. Білікті заңгердің сөзінше, жаңа Конституция билік пен халық арасындағы сенімді нығайтады.
ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, облыстық мәслихат депутаты:
— Былтыр өңірде құқықбұзушылықтардың саны 13 пайызға азайған. Бұған Мемлекет басшысының енгізген “Заң және Тәртіп” қағидаты зор үлесін тигізді деп ойлаймын. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия барлық ұсыныстарды қарады, жіті саралады. Бірақ, халықтың тарапынан түсіністік болмаса мұның барлығы бекер. Сондықтан, тұрғындар енгізілетін өзгерістерге бейжай қарамай, заңға бағынуы қажет.
“Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды”. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының бұл сөздерінің астарында қаншама мағына жатыр. Оны аяқ асты етпеу – біздің басты міндетіміз.
Нұрасыл Ахмет