Петропавл қаласындағы «Жас жауынгер» спорттық-сауықтыру орталығында маңызды іс-шара өтті. Орталықтың құрылғанына екі жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында мұнда спорт арқылы тағдырға мойымаған, арманы асқақ балалар тәрбиеленіп келеді. Мерейтой аясында ерекше балалар арасында ARM-BACK атты спорт түрінен іріктеу жарысы өтті. Бұл – жеңіс үшін емес, өзіне деген сенім үшін жасалған қадамдардың бірі.
АҚЖАН НӘКЕНОВ, «Жас жауынгер» спорттық-сауықтыру орталығының жаттықтырушысы:
— Осы екі жыл ішінде біздің балалар ARM-BACK спорт түрінен республикалық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. ARM-BACK спорты негізінен – ерекше балалар үшін арнайы әзірленген спорт түрі. Мұнда басты мақсат – нәтиже емес, баланың мүмкіндігін ашу. Әр жаттығу, әр жарыс баланың бойындағы қорқынышты жеңіп, өзін қоғамның тең мүшесі ретінде сезінуіне көмектеседі. Бұл спорт арқылы балалар физикалық қана емес, рухани тұрғыда да шыңдалады.
«Жас жауынгер» орталығы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Тұсаукесер» жобасы аясында жұмыс істейді. Бүгінде мұнда 35 бала Садық Байымбетовтың авторлық әдістемесі бойынша жаттығып жүр. Бұл – мемлекеттің, қоғамның және азаматтық жауапкершіліктің тоғысқан тұсы. Себебі, ерекше балаларға жағдай жасау – тек спортты дамыту емес, болашаққа деген сенімді нығайту.
СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, “AMANAT” партиясы СҚОФ мүшесі, қалалық мәслихат депутаты:
— Өздеріңіз білетіндей, өткен аптада Ербол Хамитов Мемлекет басшысының қолынан еліміздің Туын алып, үлкен сенімге ие болды. Алдағы уақытта ол Қазақстан Республикасының намысын Италия елінде қорғайтын болады. Менің ойымша, дәл осындай ұлы тұлғалар қарапайым ғана шағын жаттығу залдарынан шыңдалып шығады. Осындай игі іс-шаралардың арқасында бүгінгі балалар да ертең еліміздің абыройын асқақтататын азаматтарға айналатынына сенім мол.
Айта кету керек, іріктеу кезеңінен өткен жас спортшылар алдағы 25-26 ақпан күндері Астана қаласында өтетін республикалық турнирде өңір намысын қорғайды. Олар үлкен ареналарға тек спортшы ретінде емес, рухы мықты тұлға ретінде аттанады.
Жангельді Жамалиев