Қоғам

АҚШ-та білім алған Қозыбаев университетінің студенттері елге оралды

Бүгін Қозыбаев университеті үшін маңызды күн. АҚШ-тағы Аризона университетінде бір семестр бойы білім алған 29 студент білім ордасына оралды. Тәжірибелі мамандардан алған тәлім олардың кәсіби дағдыларын арттырған, жаңа қырларын ашуға септескен Америкада студенттеріміз екі топқа бөлінді: 20 жас – IT бағытында, ал қалғандары “Биотехнология” мамандығы бойынша білім алды. Олар заманауи технологияларды меңгеріп, практикалық жобалармен жұмыс істеді. Сабақтан тыс уақытта ғылыми орталықтарды аралады, түрлі шараларға қатысты

ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы-ректоры:

— Аризона университетінде білім алған студенттеріміз оқуды сәтті аяқтады. Өздеріңіз білетіндей, 2022 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Қозыбаев университеті мен Аризона университеті арасында стратегиялық серіктестік жүзеге аса бастады. Осы серіктестік аясында біздің студенттер бір семестр бойы Аризона университетінің кампусында білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Университеттің қолдауы оқу ақысын, жатақхана, медициналық сақтандыру, әуе билеттері мен визалық рәсімдерді қамтыды. Камила Мұратаева “Биотехнология” мамандығында оқиды. Жалынды жастың сөзінше, мұхиттың ар жағындағы білім жүйесі біздікінен өзгеше. Әлдеқайда дамып кеткен. Ол 4 ай бойы әлемге белгілі мамандардан алған білімін қатарластарына үйреткісі келеді.

КАМИЛА МҰРАТАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті:

— Тамыз айының басында біз Аризона университетіне сапарға шықтық. Сол жерде төрт ай бойы білім алып, желтоқсан айының соңында елге оралдық. Бұл кезең біз үшін көптеген қызықты сәттерге толы болды. Біз басқа мемлекеттерден келген студенттермен танысып, жаңа достар таптық. Ең бастысы, осы уақыт ішінде өз білімімізді одан әрі тереңдетіп, кәсіби дағдыларымызды нығайттық. Бакалаврды тәмамдағаннан кейін магистратураға түскім келеді.

Қосдипломлық бағдарламаның басты мақсаты да осы. Шетел асып білім алған студенттер елге оралады, тәжірибесімен бөліседі. Америкалық профессорлардан алған баға жетпес тәлімді жұмыста да қолданады. Тиісінше, елдің дамуына сүбелі үлес қосады. Қозыбаев университеті жыл сайын даму үстінде. Алдағы уақытта білім ордасында ауыл шаруашылығы дақылдарын зерттейтін ауқымды зертхана ашылмақ. Сонымен қатар, Еуропа елдерінен бірнеше профессор келіп, студенттерге сабақ береді.

 

Жангельді Жамалиев