Демалыс күндері Петропавлда қысқы дрифтен Қазақстан кубогының екінші кезеңі өтті. Оған елімзідің түкпір-түкпірі мен көрші Ресейден келген 30-дан астам білікті жүргізуші қатысты. Жарыс жолы бұралаң. Қатысушылар қос-қостан жарысады. Бұл жерде жылдамдық қана емес, тапсырманы орындау техникасы да бағаланды. Көліктер бірдей қозғалу қажет. Қалып қойғаны ұтылады.
АЗАТ ӘБДІРАХМАНОВ, жарысты ұйымдастырушы;
— Жарысқа қарапайым көліктер қатыса алмайды. Сайысқа түсер алдында арнайы маман әрқайсынының техникалық жай-күйін, жабдықталуын қарап шығады. Барлығы талапқа сай болуы тиіс. Жүргізушінің өзі шлем киеді.
Көріп тұрғандарыңыздай, техникалар тегеурінді, жүргізушілер тәжірибелі. Бірақ, кейбір көліктерден ақау шығып жатқан кез де болды. Тіпті, жарыс кезінде бір-біріне соқтығысып қалғандар да болды.
РОМАН ЖОВТЯК, жарысқа қатысушы, Қостанай қаласы:
— Жарысқа тек жеңімпаз атану үшін келдім, барымды саламын. Мұндай жарыстарға қатысып жүргеніме 3 жылдан асты. Қазақстан кубогы кезеңдерінде бір мәрте жүлдегер атандым. Жарыс жолы жақсы дайындалған. Жолдың бедері теп-тегіс. Көлікті басқару қиынға соққан жоқ.
Жарысты көруге келген тұрғындардың қарасы қалың. Дода соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ұлан Ыдырыс