Петропавлда аудандық мәдениет үйлерінің 2025 жылғы жұмысы қорытындыланды. Облыста аталған сала қарыштап дамып келеді. Әкімдік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да аз емес. Қазіргі таңда өңірде 270-тен астам мәдени нысан бар. Былтыр су жаңа 5 өнер ордасы бой көтерген. Бүгінгі шарада өткен жыл сараланып, алдағы уақытқа жоспар құрылды.
САНДУҒАШ ЖОЛАМАНОВА, облыстық халық шығармашылығы және мәдени бос уақыт қызметі орталығы директорының орынбасары:
— Биыл Ғ.Мүсірепов ауданы бәрінен оқ бойы озық болды. “Үздік ауылдық мәдениет мекемесі” облыстық байқауында жеңімпаз атанып, республикада да сәтті өнер көрсетті.
Облыстағы кейбір мекемелердің жағдайы әлі де көңіл көншітпейді. Өңірде 30-ға жуық мәдени нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Тоғызы апаттық жағдайда. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Себебі, ғимарат ішіндегі атмосфера концерт көруге келген жандардың көңіл-күйіне тікелей әсер етеді. Шара барысында ауданнан келген мамандар бізбен жеткен жетістіктерімен бөлісті.
СӘКЕН ЗАКАРИН, Ақжар аудандық мәдениет үйінің директоры:
— Мәдениет қызметкерлері халықпын тығыз байланыста болуы тиіс. Биыл Ақжар аудандық мәдениет үйінде 150-ге жуық шара өтті. Ақжар ауданында барлығы – 12 мәдениет үйі бар.
Отырыста тағы бір мәселенің беті ашылды. Қазіргі таңда аудандық мәдени мекемелерде 1300-ге жуық адам жұмыс істейді. Кадр тапшылығы бары да жасырын емес. Бос орындар саны 70-тен асып жығылады. Оның 60 пайызы – шығармашылық мамандар. Мемлекет басшысы әр облысқа аталған салаға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Сал-серілер мекені теріскейде бұл бағытта ауқымды істер атқарылып келеді. Мәселен, 2025 жылы мәдени мекемелердің техникалық базасын жаңартуға облыстық бюджеттен 26 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Мемлекеттің саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі, қоғамның санасы жаңғырмасы, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Бұл – ақиқат.
2025 жылы өңір аудандарында 21 мыңнан астам шара өткізілген. Оған 1 млн-нан астам адам қатысқан.
Нұрасыл Ахмет