СҚО әкімдігі

Облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдау өткізді

Облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Өңір жетекшісіне алғаш болып Қызылжар ауданының тұрғыны Сәрсембай Мүсенов жүгінді. Ол 2018 жылдан бері өзіне тиесілі жер үлесін ала алмай жүр. Зейнеткердің бармаған жері, баспаған тауы қалмапты.

СӘРСЕМБАЙ МҮСЕНОВ, Қызылжар ауданының тұрғыны:

— Өмір бойы Есіл ауданындағы Тораңғұл ауылында тұрдым. Ондағы “Атамекен” серіктестігінде 40 жылдан астам уақыт еңбек еттім. 2018 жылы басшысы ауысты. Бұрынғы директоры құжаттарды дұрыс рәсімдемеген. Соның салдарынан жер үлесін ала алмай отырмын.

Зейнеткердің сөзінше, серіктестіктің қазіргі басшысы “Менің бұл мәселеге дым қатысым жоқ, бұрынғы директордан сұраңдар” деп жауап берген. Ал ол кісі бірер жыл бұрын қайтыс болыпты. Азамат қазіргі басшылығымен соттасқысы келеді, бірақ адвокат жалдауға ақшасы жоқ.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Сіздің мәселеңізді толықтай зерттеп шықтым. Өз тарапымыздан толықтай құқықтық көмек көрсете аламыз. Мәселені шешуді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына тапсырамын.

Келесі болып сұрағын қашықтықтан Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінің директоры Рауза Қашенова қойды. Биыл білім ордасына аты берілген опера өнері дүлділінің туғанына 100 жыл толады. Азаматша нар тұлғаның мерейтойы кең көлемде аталып өткенін қалайды. Тек қаржылай қолдау қажет.

РАУЗА ҚАШЕНОВА, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінің директоры:

— Жазда колледждің алдына Ермек Серкебаевтің ескерткішін орнатқымыз келеді. Кейін оның ашылу салтанатын тойлауды жоспарлап отырмыз. Ал жыл соңында мерейтойға орай жастар арасында республикалық сайыс ұйымдастырмақпыз. Еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды жастар келеді. Сыйақы көлемі қомақты болғанын қалаймыз. Бір сөзбен айтқанда, қаржылай көмек көрсетулеріңізді сұраймын.

Шараға қатысқан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Досбол Әбдірейісов бұл мәселемен жақсы таныс. Талаптарға сәйкес, ескерткішті бірден орнату мүмкін емес. Бәрі талапқа сай болуы керек. Қажетті құжаттарды жинақтап, құрылыс басқармасымен келісілгені жөн. Досбол Нұржанұлының сөзінше, ескерткіш биыл орнатылмайды. Жоспар бойынша 2027 жылы тұрғызылады деп шешілген. Ал облыс әкімі болса нар тұлғаның мерейтойы кең көлемде атап өтілетінін жеткізді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Ермек Серкебаев қазақ опера өнерінің дамуына зор үлес қосты. Халықтың ықыласына бөленген ерен талант иесі. Қазақ операсының бүгінгі жетістігі жерлесіміздің есімімен тығыз байланысты. Сондықтан, теріскейден шыққан дүлділдің мерейтойы кең көлемде атап өтіледі. Өз тарапымыздан көмекті аямаймыз.

Жеке қабылдауда барлығы – 4 тұрғынның мәселесі қаралды. Әрқайсысы жан-жақты зерттелді, тұшымды жауап берілді.

 

Нұрасыл Ахмет