Петропавлда жалпыұлттық “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында “Эко-Батл: Таза Қазақстан” атты зияткерлік ойыны өтті. Оған М.Жұмабаев атындағы Жоғары колледжде оқитын студенттер қатысты. Жастардың қоршаған ортаға деген жаупкершілігін арттыруды көздейтін сайыста 50-ге тарта жас білімдерін сынады. Қарапайым тапсырмалар. Алғашқы кезеңде командаларға бөлінген қыз-жігіттер экологияға, қоқысты сұрыптау саласына, заңнамаға қатысты сауалдарға жылдам жауап берді.
ОКСАНА ГОНЧАРЕНКО, қоғамдық ақпарат орталығының маманы:
— Бұл ойынның басты мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Біз экология күнделікті өмірдің бір бөлігі екенін көрсеткіміз келеді. Командалық жұмыс арқылы қатысушылар өз ойларын еркін жеткізіп, ортақ шешім табуға үйренеді. Алдағы уақытта осыған ұқсас шаралар өткіземіз. Мысалы, ақпан айында далада жинастыру жұмыстарын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Ал екінші кезең тапқырлықты талап етті. Мұнда қатысушылар экологияға қатысты терминдерді іс-қимылмен, көмекші сөздермен көрсету керек. Жауабын командаластары тапқан жөн.
ІЛИЯС ТАШЕВ, қатысушы:
— Елімізде экологиялық проблемалар бар. Еліміздің әрбір азаматы экологияға мән беру керек. Бүгінгі ойын өте қызықты өтті, біз өте пайдалы ақпарат алдық. Ойын барысында идеяларымызды да ұсындық.
Белсенді болған, көп ұпай жинаған ұжым жеңіске жетті. Жүлдегерлерге дипломдар мен эко-бөтелкелер, кеңсе тауарлары және тәтті-дәмді түріндегі тартулар табысталды.