Құқық қорғау органдары

Теріскейлік полицейлер “Қауіпсіз аула” акциясын өткізді

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Біздің стратегиялық маңызды мақсатымыз – Қазақстан Республикасының азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол әрбір адам үшін де, қоғам үшін де ең негізгі құндылық болып есептеледі. Негізгі міндеттердің бірі – Қазақстанды өмір сүруге қолайлы қауіпсіз елге айналдыру. Құқық қорғау органдарының алдында тұрғындардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету міндеті тұр.

Президент жариялаған “Заң мен тәртіп” республикалық тұжырымдамасы аясында өңірімізде “Қауіпсіз аула” жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.

ҚАНАТ ЖҰМАБАЕВ, қалалық ПБ бірінші полиция бөлімінің бастығы:

— Полиция қызметкерлері әкімшілік аумақтарды аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған және тәртіп бұзылған жағдайда азаматтарды полицияға хабарлауға шақырады.

Іс-шараның өткізілуіне волонтерлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері де қатысты. Акцияның бірінші күні 500-ге жуық адам ат салысты.
Нәтижесінде тәртіп сақшылары 600-ден астам азаматты тексерді. Оның ішінде әкімшілік бақылау есебінде тұрған және мерзімінен бұрын босатылған жандар бар.

Әкімшілік жауапкершілікке 92 құқық бұзушы тартылды. Олардың басым бөлігі ішімдікке сылқия тойып алып, қоғамдық жерлерде жүрген және ұсақ бұзушылыққа барған. Рейдтің барысында ішімдікке жақын 8 адам профилактикалық есепке қойылды. Мәжбүрлі түрде емдеуге жіберу бойынша 14 іс сотқа жолданды, нәтижесінде 4 адам ауруханаға жатқызылды. Сонымен қатар, тұрақты тіркелген жері жоқ 4 адам анықталды. Оның екеуі – кәмелетке толмаған балалар. Полицияның араласуынан кейін жастардың бірі бейімдеу орталығына орналастырылды. Өңірімізде “Қауіпсіз аула” акциясы ақпанның 3-іне дейін жалғасады.