Қоғам

СҚО-да “Сталкинг” бабы бойынша алғашқы сот үкімі шықты

СҚО-да ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген жаңа бап — “Сталкинг” бойынша алғашқы сот үкімі шықты. Жәбірленушінің арызына сәйкес, 37 жастағы қала тұрғыны бір жарым жыл бойы артынан қалмаған. Ол полицияға ер адамның өзін аңдып жүргенін жеткізген. Бізде бар мәліметке сүйенсек, айыпталушы зардап шегушіні ұнатып жүрген. Тіпті, жаныңда жүрген жандардан қызғанып, төбелес шығарған кезі де болыпты.

Тергеу жұмыстары кезінде ер адамның жәбірленушінің атына балағат сөздер айтқаны анықталды. Онысымен қоймай, бірнеше рет дене жарақатын келтірген. Нәзікжанды сот процесі кезінде “Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан” айырылғанын жеткізді. Тіпті, жақындарымен араласудан қалған. Құқық қорғау органдары аталған факті бойынша қысқа мерзімде тергеу жүргізіп, материалдарды сотқа жолдады.

Сонымен қатар, сот шешімімен ер адамға алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынып, профилактикалық әңгімелесу үшін полицияға тұрақты түрде келу міндеттелді. Ең бастысы ол – жәбірленушінің жанына мүлдем жоламауы тиіс. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

МАХАББАТ ШӘЙКЕНОВА, СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы:

—  Жаңа бап 2025 жылдың 15-ші қыркүйегінде заңды күшіне енді. Қылмыстық Кодекстің 115-ші бабы, 1-тармағы бойынша айыпты деп танылған жан 200 АЕК айыппұл арқалайды.

Айта кету керек, жыл басынан облыста “Сталкинг” бабы бойынша екі факті тіркелген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Нұрасыл Ахмет