Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия қабырғасында арнайы семинар өтті. Оның барысында ұлағатты ұстаздар қазақ тілі бойынша оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін үйреніп, тәжірибе алмасады. Сол арқылы мектепалды даярлық және бастауыш білім беру сыныптарындағы бүлдіршіндер қазақ тілін терең үйренеді. Игі іс-шара «Тіл мұрасы» бастамасы аясында іске асып отыр. Облыстық білім беру басқармасы мақұлдаған жоба барысында биыл 100-ге жуық жиын өткізу жоспарланып отыр.
БАЛЕРКЕ СӘДУАҚАСОВА, «Әдістемелік орталық» КММ әдіскері:
— «Тіл мұрасы» жобасы қазақ тілін күнделікті өмірде жиі қолданып, бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасауға бағыталған жоба. Бүгінгі іс-шараға облысымыздың бастауыш білім беру сыныптарының, мектепалды даярлық сынып тәрбиешілері қатысуда.
Бүгінгі семинарда мұғалімдерге Райса Абуева тәлімгерлік етті. Нәзікжанды Сафуан Шаймерденов қалалық классикалық гимназиясында тер төгіп келе жатқанына ширек ғасырдан асқан. Былтыр оқытушы ел бойынша жылдың үздік педагогы атанды.
РАЙСА АБУЕВА, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі:
— Гимназиядағы өзімнің кредом – саналы ұрпақ тәрбилеу. Сол жұмысымның арқасында былтыр 3 этаптан тұрған «Үздік педагог» сайысына қатысқан болатынмын. Қалалық кезең болды, облыстық, одан кейін – республикалық. Сол барлық кезеңдерден өтіп жеңімпаз атандым.
Бұл семинарға өңірдегі барлық мектепалды даярлық және бастауыш білім беру сыныптарындағы мұғалімдер қатысты. Солардың бірі – Хазима Қабдолина. Педагог Мамлют ауданындағы Бексейіт ауылынан келіп отыр. Ұстаз бүгінгі семинардан жиғаным мол дейді. Айтуынша, біліктілікті арттырып, тәжірибе жинаған ешқашан кеш емес.
ХАЗИМА ҚАБДОЛИНА, Бексейіт орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Мамлют ауданы:
— Бастауыш сыныпта 33 жылдан бері қызмет етіп келемін. Енді бүгінгі облыстық семинарға қатысып отырмын. Өзімнің тәжірибем болса да өзіме көптеген жаңа әдіс-тәсілдер үйрендім.
Айта кетейік, өткен жылы «Тіл мұрасы» жобасы аясында 90-ға жуық іс-шара өтті. Бұл арқылы көптеген маман шеберлігін шыңдады. Енді келесі кезекте Есіл ауданында тағы бір семинар өтеді деп жоспарланып отыр.