Облыстың түкпір-түкпірінен келген білім жастар Петропавлда бас қосты. Облыс орталығында жоғары сынып оқушылары арасында өткен пәндік Олимпиаданың қорытындысы жарияланды. Додаға тек “Сен тұр, мен атайын” дейтін жастар қатысты.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
— Пәндік олимпиада 3 кезеңнен тұрды. Оған барлығы 3 мың 600-ден астам адам қатысты. Оның 500-ге жуығы облыстық кезеңге өтті.
Оқушыларды құттықтауға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов арнайы келген. Міне, көптен күткен сәт те келіп жетті. Шараның құрметті қонақтары біртіндеп топтан суырылып шығып, мықтылығын дәлелдеген жастарды марапаттады. Мерейі үстем болғандардың арасында петропавлдық Қият Якубова да бар. Ол білімділер сайысында үздік үштіктен көрінді. Нәзікжанды олимпиадаға бұған дейін талай мәрте қатысыпты.
ҚИЯТ ЯКУБОВА, пәндік олимпиаданың жүлдегері, Петропавл қаласы:
— Мен қалалық кезеңде топ жардым. Сұрақтар асы қиын болмады. Болашақта географияны одан әрі зерттеп, “Менеджмент” мамандығына түскім келеді.
Аққайың ауданынан келген Дарина Ғабидуллина да бүгінгі сайыста үшінші орынға ие болды. Ол “Орыс тілі” пәнінен сынға түскен. Жеңіске сынық сүйем ғана жетпей қалыпты. Оған соңғы кезеңде жіберген қателігі себеп болған.
ДАРИНА ҒАБИДУЛЛИНА, пәндік олимпиаданың жүлдегері, Аққайың ауданы:
— Аудандық кезеңде топ жардым. Облыстық деңгейде бәсекелестік жоғары болды.
Республикалық кезең наурыз айында өтеді. Білімділер додасында өңір намысын 85 бала қорғайды. Айта кету керек, жалпы есепте облыстық дарынды балалар үшін мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушылары басқаларынан оқ бойы озық болды.
Нұрасыл Ахмет