Мәдениет

Петропавлда “Махаббат әні” пластикалық спектаклінің премьерасы өтті

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында “Махаббат әні” пластикалық спектаклінің премьерасы өтті. Қойылым Мұзафар Әлімбаевтың аңызға айналған “Естай-Қорлан” поэмасының желісі бойынша түсірілген. Қалыңдық алуға шыққан Шошан досы Естайға бірге жүруін өтінеді. Сапар кезінде кездейсоқ танысқан екі жас Естай мен Қорлан бір-бірін бір көргеннен ұнатады. Осы кезден бастап тағдырлары түбегейлі өзгереді.

НҰРАЙ МҰХАМЕДЖАН, “Махаббат әні” пластикалық спектаклінің қоюшы-режиссері:

— Бұл туындыны Алматыда университетте оқып жүрген кезімде қойдық. Сол сәттен бастап “Естай-Қорлан” поэмасын зерттедім. Туындының шығуына “Шабыт” би ансамблі мен театр ұжымы зор қолдау көрсетті.

“Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын, табиғат берген екен күн мен айын”. Естайдың “Құсни-Қорлан” әнін білмейтін жан кемде-кем шығар. Тағдырдың жазуымен қосылып, бірін-бірі шын сүйген ғашықтарға бірге болу бұйырмаған. Қорланның әкесі Естайды кедей санап, досының баласына атастырады. Жас жігіт махаббат жолында қаншама қиындықты бастан өткереді, таяқ та жейді. Бірақ, ғашығын алып кету қолынан келмейді.

Қорлан тұрмысқа шығар алдында Естайға сақинасын сыйлады. Сері жүзікті көзінің қарашығындай сақтады, тіпті қаза боларының алдында досына өзін бағалы тартумен бірге жерлеуді сұрады. Осылайша жұпты тағдыр тоғыстырмады. Бұл – пластикалық қойылым. Әртістердің сөзінше, олар іс-қимыл арқылы көрерменнің жүрегіне жол табуды көздеген. Бұның өзіндік қиындықтары да болыпты.

ЖҰЛДЫЗ ТЫНЫСБЕКҚЫЗЫ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы:

— Плактикалық спектаклде өнер көрсету оңай емес. Мүлдем бір орында тұрмау керексің. Соған қарамастан жақсы сомдап шығамыз деп ойлаймын.

“Естай мен Қорланның” хикаясынан қазақтың әдет-ғұрыптарының салдарынан екі жастың өмір бойы зардап шеккенін көруге болады. Спектакль бір жарым сағатқа созылды. Оны көрермен назарына ұсыну үшін актерлер 2 ай бойы дайындаған.

 

Нұрасыл Ахмет