Биыл қазақ халқының ұлы ханы, ел тәуелсіздігі жолында аянбай күрескен Абылай ханның туғанына 315 жыл толып отыр. Осыған орай өңірде тағылымы терең дөңгелек үстел өтті. Жиынға “Абылай ханның тарихтағы ізі” тақырыбы берілген. Ең алдымен жиылған қауымға үш жүздің басын қосқан ұлы тұлғаның өмірбаяны баяндалды. Бұл жайлы ұл-қыздарға жазушы әрі журналист Жақсыбай Самрат әңгімелеп берді. Тіл жанашырының Абылай хан, шын есімі Әбілмансұр үйі жайлы жазылған «Абылайдың ақ үйі» атты зерттеу кітабы бар. Туынды 2010 жылы жарық көрген.
ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, журналист:
— Абылай Қазақ елін сол кезде геосаяси тұрғыдан алғанда басқа мемлекеттере мықты ел ретінде мойындатты. Алыс шетелмен де байланыс орнатты. Абылай ханның қазақ ұлтына деген еңбегі өте зор. Міне, бүгін жылдың басын осындай мерейтоймен бастап отырмыз.
Шараға оқушылар, университет пен колледж студенттері және 6637 әскери бөлімнің сарбаздары қатысып жатыр. Мақсат – келешек ұрпаққа Абылай ханның мемлекет тарихындағы айрықша рөлін көрсету. Сондай-ақ, оның ел бірлігін сақтаудағы көреген саясаты мен жаугершілік замандағы ерлігін жастарға кеңінен насихаттау.
ӘСЕМГҮЛ ҚЫДБЕКОВА, “Абылай хан резиденциясы” музей кешені директорының орынбасары:
— Біз міндетті түрде жастарға Абылайдың қандай азамат болғанын көрсетуіміз керек. Сонымен қатар, облыс орталығындағы Абылай ханның атымен аталған “Абылай ханның ақ үйін” көрсетуіміз қажет. Бұл мұражайда Абылайдың толықтай өмірі қандай қиыншылық кезеңнен өткендігі мен ерлігі толықтай баяндалған.
Сонымен қатар, жиын аясында Абылай хан туралы “Ұлы даланың ұлы тұлғасы” атты кітап көрмесі назарға ұсынылды.
Ақтолқын Солтанханқызы