ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Музей ісін дамыту – маңызды міндеттің бірі. Осы ретте, Қызылордада ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін ерекше атап өткім келеді. Мен күзде қалаға жұмыс сапарымен келгенде мұражайды аралап көрдім. Заман талабына сай салынған орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылған. Бұл тәжірибені басқа облыстарға үлгі етуге болады.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында осындай мәлімдеме жасады. Осылайша биыл музей ісіне де айрықша назар аударылып отыр. СҚО-да 4 музей мен 8 филиалы бар. Соның бірі – “Абылай хан резиденциясы”. Нысан 2008 жылы ашылған. Бүгінде мұнда тарихтан сыр шертетін 700-ге жуық экспонат бар. Жәдігерлер саны жылдан-жылға артып келетін көрінеді. Ең көнесі 17-ші ғасырдан бері сақталып келген қазақтың асыл қазынасының бірі – домбыра.
ОЛЖАС МӘКІШЕВ, “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің бөлім меңгерушісі:
— 17-ші ғасырдан сақталып келген жәдігер Қалақ домбыра деп аталады. Нақты кімге тиесілі туралы ақпарат жоқ. Ол Алматы қаласынан табылған болатын. Сонымен қатар, 18-ші ғасырға тиесілі екі қылыш бар. Оның бірі Алматы облысынан, бірі Моңғолияда жақтан табылды. Өткен жылы музей кешеніне Құрандар келді. Ол 18-ші ғасырға тиесілі. Сонымен қатар, 20-шы ғасырдың алаша кілемдерімен қоржынымыз толыққан болатын.
“Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде өткен жылы 1500-ден астам экскурсия ұйымдастырылыпты. Тарихпен тансыуға тек теріскейліктер ғана емес, көрші Ресей мен сонау Америкадан келіп қызығушылық білдірген.
Осы орацда нысанда 3 тілді меңгерген мамандар еңбек етеді. Музейде күнделікті экскурсиядан бөлек, тағы түрлі интерактивті іс-шаралар мен жылжымалы көрмелер өткізіліпті.
ОЛЖАС МӘКІШЕВ, “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің бөлім меңгерушісі:
— Абайдың 180 жылдығына орай Семейдің жанындағы Қарауылда болдық, Көкшетауда да үлкен іс-шара өтті. Музейлер арасында сайыс болды. Сондай-ақ, Таразға “Абылай және оның заманы” атты жылжымалы көрмемізбен барып қайттық.
Биылға жылға жоспар ауқымды. Соның бірі күзде жоспарланып отыр. қарашаңырақта Абылай ханның 315 жылдығына орай республикалық конференция ұйымдастырылмақ.
Ақтолқын Солтанханқызы