Петропавлда аялдамада қоқыс қалдырған зейнеткерге айыппұл салынды. Жақында Батыр Баян көшесіндегі автобус күту орындарының бірінен пакет табылған. Алаңдаушылық тудырған тұрғындар «102» арнасына хабарласыпты. Жедел дерек бойынша полицейлер көшені жапты, ал саперлер мұқият тексеру жұмысын жүргізді. Нәтижесінде мамандар қауіпті затты анықтаған жоқ. Пакеттің ішінен қарапайым қалдықтар шыққан. Аула-ауланы аралау барысында учаскелік инспектор Мұрат Арықов құқық бұзған 65 жастағы азаматты анықтады. Ол қоқысты арнайы жәшікке апаруды жөн көрмепті. Айта кетерлік маңызды жайт, бұған дейін осындай іс үшін оның жұбайы жауапкершілікке тартылған екен.
Әкімшілік материал сотқа жолданды. Құқық бұзушыға айыппұл салынды. Еске салайық, 2024 жылдың сәуір айынан бастап елімізде ауқымды «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асырылуда. Осы уақыт ішінде өңір полицейлері қоғамдық орындарды ластау бойынша 4 мыңнан астам дерек пен абаттандыру қағидаларын бұзудың 23 мыңнан астам фактісін анықтапты. Бұл – әр тұрғын назарға алуы тиіс мәселе. Оған Құрылтайда Президент те тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Қазақстан Әділеттің, Заң мен тәртіптің мекені, еңбекқор адамдардың елі болуға тиіс. Заң үстемдігі мен жасампаз еңбек жоғары тұрмыстық мәдениет идеологиясымен астасып жатуы керек. Осы қағидаттар көптеген елде табысты әрі берекелі өмір сүрудің формуласы саналады. Осындай басты құндылықтар мен өмірлік ұстанымдар әр адамның бойына отбасынан, мектеп қабырғасынан дариды. Сондықтан біз іргелі институттарды күшейтуге баса назар аударуымыз керек.
Байболат Құлтанов