ҰЛАН ЫДЫРЫС, тілші:
— Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 31 атауға дейін кеңейтілді. Бұрын 19 атау еді. Демек, тұрақтандыру қорларына түсетін өнімнің көлемі артуға тиіс. Қазіргі таңда өңірімізде қанша тонна тауар бар? Баға өзгерді ме? Осыны білу мақсатында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру қоры нүктелерінің біріне келіп қалдық.
Өңірде тұрақтандыру қорын «Солтүстік» ӘКК-сы қалыптастырады. Қорды әлеуметтік маңызды азық-түлікпен толтыру үшін облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп тұрады. Биыл тұрақтандыру қорына 13 мың тонна азық-түлік және 10 млн дана жұмыртқа сатып алынған. Өнім негізінен жергілікті тауар өндірушілерден алынады. Олар қаланың 35 дүкені мен супермаркеттерінде сатылады. Бірақ үстеме баға 15 пайыздан аспауы тиіс. Сауда нүктелері мен азық-түліктің бағасын корпорацияның <https://spk-soltustik.kz> сайтынан көруге болады.
«Солтүстік» ӘКК-ның сауда нүктелеріндегі азық-түлік бағасы:
Күріш – 370 теңге;
«Дельное» күнбағыс майы – 760 теңге;
«Заречное» күнбағыс майы – 745 теңге;
«Көкшетаулық» өсімдік майы – 770 теңге;
Қант (құмшекер) – 460 теңге;
Қарақұмық жармасы – 180 теңге;
1-сұрыпты ұн, 1,8 кг, «Радуга» ЖШС – 280 теңге;
1-сұрыпты ұн, 2,0 кг, «Агро Грейн СК» ЖШС – 270 теңге;
1-сұрыпты ұн, 2,0 кг, «DEZ» ЖШС – 265 теңге;
«Ассоль» ас тұзы – 65 теңге;
Өлшеніп берілетін «Егін» рожкиі – 245 теңге;
Пияз – 97 теңге;
Қырыққабат – 110 теңге;
Картоп – 115 теңге;
Сәбіз – 115 теңге;
1-санаттағы жұмыртқа (он дана) – 450 теңге;
Тауық саны – 1150 теңге және тағы да басқалар.
Тауарлардың бағасы жайлы тұрғындардың пікірін де білдік. Қазіргі таңда өңірде тұрақтандыру қорының нүктелеріндегі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы тұрақты. Ол үшін жергілікті әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп жатыр.
РОЗА ТАСТАНБЕКОВА, тұрақтандыру қоры департаментінің директоры:
— Осы жылы бізге бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді. Өздеріңіз білетіндей, биыл әлеуметтік маңызға ие тауарлар саны 31-ге дейін артты. Ал бүгінгі уақытта өңірімізде тізімдегі өнімдердің құны тұрақты, баға көтерілген жағдайда төмендету бағытындағы әрекетке көшеміз. Тауарлардың басым бөлігін өңір кәсіпкерлерінен сатып алуға тырысамыз. Күріш, тұз, қант сынды азық-түлікті Қызылорда, Тараз қалаларынан аламыз.
Үстемесі айтарлықтай көп емес өнімдерді тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінен сатып алуға болады. Қазіргі таңда мұндай 8 нүкте бар. Олар арқылы күніне қосылған сома 10 пайыздан аспайтын 15 тонна тауар сатылады.
Ұлан Ыдырыс