БалаларСпорт

Петропавлда шахматтан Ғ.Мүсірепов атындағы блиц-турнир өтті

Облыс орталығында шахматтан Ғ.Мүсірепов атындағы блиц-турнир өтті. Атақты қаламгердің есімі берілген кітапхана қабырғасында ұйымдастырылған жарысқа ойы ұшқыр ондаған бала қатысты. Олардың бірі ойын ережесін жақында меңгерсе, екіншісі бұрыннан сайыстарда бақ сынап жүр.

АЛДИЯР АҚАН, турнирге қатысушы:

— Мен 2 жылдың көлемінде шахмат ойнаймын. Атамның қасында жүріп, айтқандарын ойға тоқып, үйреніп алдым. Әзірге өзімді мықты балалардың қатарына қоса алмаймын. Бүгін кемінде 3-ші орын алып, ата-анамды қуантсам деймін.

Мектеп оқушылары арасында өткен блиц-турнирдің өзіндік тәртібі бар. Мұнда ойлануға уақыт тапшы. Әр балаға 5 минуттан беріледі. Сонда 1 партия 10 минутқа ғана созылуы тиіс.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

—  Жылдам шахмат өте қызықты. Бұл жерде адамның миы да, қолы да жұмыс істеу керек. Яғни, шахматшы жүріс жасағаннан кейін мына батырманы басқаны жөн. Сонда ғана ол ережені сақтайды.

Ал батырма басылмаса, онда сағат тоқтамайды. Солай 5 минут та өте шығады. Ал егер уақыт аяқталса, шахматшы қарсыласын жеңіп жатқанның өзінде автоматты түрде жеңілген болып табылады. Бұл ойын адамды жылдам ойлануға дағдыландырады. Кезінде Ғабит аталарымыз асқан құмарлықпен ойнаған екен.

ҚАБДОЛЛА БЕЙІСХАН, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:

— Ғабит әдебиетпен ғана айналысқан жоқ. Ол бос уақытында таяқ жонды, алғаш болып Жазушылар одағына бильярд столын қойды. Адам жылдам қабылдап, шешім шығару үшін шахмат та ойнаған. Біз балалардың ойлау қабілетін дамыту үшін осы турнирді өткізіп отырмыз.

Ондаған шахматшы Петропавлдағы бірнеше мектептің намысын қорғады. Алғашқы партияда жеңгендер ұпай сандарын тіркеу үшін қолдарын көтеріп, есімдерін төрешілерге жазғызып жатты. Осылай жүлдегерлер анықталады. Соңында тиісті жүлделерін қоржынға байлайды.

ҚАБДОЛЛА БЕЙІСХАН, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:

— Марапат бар. Жүлдегер балалар марапат алады, сыйлықтарымыз бар. Сонымен қатар, біз жетекшілерін елеусіз қалдырмаймыз.

Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасы интелектуалды ойындар өткізуді жұмыс кестесіне енгізбек. Алдағы уақытта қара шаңырақ қабырғасында тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырылады.

Байболат Құлтанов