Білім

Өңірде жасанды интеллектіні білім жүйесіне енгізу жолында бірқатар жоба жүзеге асырылуда

Өңір әдіскерлері мен педагогтары бас қосты. Облыстық семинарға “Педагогтарді әдістемелік сүйемелдеуге жасанды интеллектіні пайдаланудың заманауи мүмкіндіктері” тақырыбы берілген. Жиында өңірде білім беру саласына заман игілігін енгізу және дамыту бойынша құрылған жобалар жайлы айтылды. Оның бірі – “АI-USTAZ” жобасы. Бұл өткен жылы қолға алынған бастама. Жетекшісі – Ақжар ауданынан келіп отырған тарих пәні мұғалімі Қуандық Жолтайұлы.

ҚУАНДЫҚ ЖОЛТАЙҰЛЫ, “АI-USTAZ” жобасының жетекшісі, Ақжар ауданы:

Осы жобаның арқасында түрлі семинарлар, тренингтер мен ашық сабақтарда жасанды интеллектіні тиімді пайдалануды үйретіп жатырмыз. Бүгінгі семинарда мен жасанды интеллект арқылы тест-конструкторды алып келдім. Яғни бұл арқылы ұстаздар заман игілігінің көмегімен тест жасай алады.

Ал “АI-Metod Hub SKO” жобасы әдіскерлер мен білім бөлімі қызметкерлерінің құзыреттілігін арттыруға бағытталған. Жиында жобалардың тиімділігін еселеу мақсатында «Әдістемелік орталық» пен “SKO HUB” ұйымы арасында меморандумға қол қойылды. Құжатпен бекітілген әріптестік аясында креативті индустрияны дамыту жолында түрлі бірлескен іс-шаралар іске асырылады.

РОЗА СӘРКЕН, «Әдістемелік орталық» КММ директоры:

Бұл жерге жиналған ұстаздардың дені – жасанды интеллектіні білім жүйесінде пайдалану жайлы арнайы курстан өткен жандар. Бүгін олар өзара білген-түйгендерімен бөлісіп жатыр. Бірнеше педагог ақпан айында Астана қаласында өтетін “Хакатон” республикалық байқауына қатысуға өтінім берді. Жеңімпаз атанып жатса, Корея елінде өз білімін шыңдай түспек.

Жалпы, жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмаларның бірі. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында тоқталып өтті. Президент өз сөзінде “Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі, адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет”, – деген болатын.

 

Ақтолқын Солтанханқызы