Бұл – Петропавлдағы Жамбыл өткелі, 1А мекенжайы бойынша орналасқан көпқабатты үйлердің бірі. Баспана тұрғындары 2 жылдан бері күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Бұған тұрғынжайға жылудың дұрыс берілмеуі себеп. Мына тұрған азамат-азаматшалардың айтуынша, аталған өзекті түйткіл ортақ жылу жүйесіне жақын маңдағы стадион қосылғаннан кейін басталған.
ДМИТРИЙ ШЛЕДЕВИЦ, қала тұрғыны:
— Мұнда 15 жылдан бері тұрып келемін. Бірақ, бұған дейін үйіміз жылы болды. Жылу жүйесіне “Қарасай” стадионы қосылған күннен бастап бізде мәселелер пайда болды. Былтырғы қысты суық үйде өткіздік. Бәрінен бұрын жұбайым мен балаларым үшін алаңдаймын. Осы күнге дейін шыдадық. Ал биыл мүлдем адам төзгісіз болып кетті. Себебі, үйіміздегі орташа ауа температурасы 15-16 градустан аспайды.
Дәлел ретінде азамат бізге баспанадағы жылуөлшегіш арқылы үйіндегі орташа ауа температурасын көрсетті. Үй суық. Адамдар оны жылыту үшін жылытқыш құрылғылар сатып алған. Соның салдарынан тұрғындар электр қуатына да біршама ақша төлейді. Қып-қызыл шығын. Иван Кадочников болса бұл баспанада 5 жылдан бері тұрады. Азаматтың айтуынша, жылытқыш құрылғыларды қоспай, үйде отыру мүмкін емес.
ИВАН КАДОЧНИКОВ, қала тұрғыны:
— Екі бірдей жылытқыш құрылғы сатып алдым. Күні-түні қосылып тұрады. Үйден өрт шыға ма деп қатты алаңдаймын. Салдарынан ұйқым да дұрыс емес. Соның өзіңде көріп тұрғандарыңыздай, қабат-қабат киіммен жүреміз. Қақаған аяздағы атмосфераны айтпай-ақ қояйын.
Тұрғындардың мұң-мұқтажын қалалық әкімдік өкілдеріне жеткіздік. Олардың сөзінше, үйдегі жылудың жоқтығына тұрғындардың өздері кінәлі.
ТИМУР ЖҰМАНОВ, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
— Тексеріс барысында анықталғандай, тұрғындар техникалық дайындық актісін рәсімдемей, жылумен қамту жүйесіне өздерінше жөндеу жүргізген. Мәселе өз шешімін табу үшін талапқа сәйкес құжаттарды рәсімдеп, ПИК төрағасымен ақылдасып, барлығын қайта қалыпқа келтіру қажет. Ал «Қарасай» стадионының бұған түк қатысы жоқ. Себебі жылу бәріне бірдей беріліп отыр.
Үйге қашан толыққанды жылу беріледі? Әзірге өзекті мәселе ашық күйінде қалып отыр.
Ұлан Ыдырыс