ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Таза Қазақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады. Осы маңызды тұжырымды ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Біз сонда ғана нағыз өркениетті және ілгері қадам басушы озық ел боламыз.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында осындай мәлімдеме жасады. Бұл ойдың астарында зор мән жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымызды қоршаған ортаға үнемі қамқорлық танытуға шақырады. Президент ұстанымын теріскейлік ардагерлер қолдап, сауапты іс жасады. “Күміс еріктілер” ұйымының мүшелері қанаттыларға арнап жем салғыштар әзірлеген. Игі бастама “Құстарды аялайық” республикалық акциясы аясында жүзеге асты.
БЕЙБІТ ӘБІЛЕВ, СҚО ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
— Еріктілер табиғатты аялайық, қорғайық деген мақсатта күш біріктірді. Сонымен қатар, шара өскелең ұрпаққа үлгі болу үшін өткізіліп отыр. Алдағы уақытта мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрады.
Аға буын өкілдері қиялға ерік берген. Олар жем салатын ыдыстың түр-түрін әзірлепті. Бірі ағашты пайдаланса, екіншісі қарапайым 5 литрлік
пластик ыдысты кәдеге жаратқан. Әрқайсысына қарап адам қуаныш пен мейірімге бөленеді.
ЕЛЕНА ЧУМАКОВА, “Күміс еріктілер” ҚБ мүшесі:
— Құстарға, жануарларға көмектесу, жәрдем беру – адамзаттың міндеті. Бұл менің ғана ұстанымым емес деп санаймын. Замандастарыммен ақылдаса келе осындай акция өткізуді жөн көрдік. Қанаттылар – біздің достарымыз. Табиғаттағы зиянкес жәндіктерді жояды. Осылай табиғаттағы үйлесімділік сақталады. Өскелең ұрпақ айналаға мейірімді болғанын қалаймын.
Облыстық ардагерлер кеңесі өкілдері мен аталған кеңес жанындағы “Күміс еріктілер” ұйымының мүшелері жем салатын ыдыстарды саябақтағы ағаштарға ілді. Бұл – аязда азық таппай қиналатын құстарға қамқорлық, ал жастарға үлгі іс.
Ақтолқын Солтанханқызы