Қоғам

Петропавлда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Петропавлда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға 400-ден астам адам шақырылып, шаһардағы жұмыс беруші мен жұмыс іздеушілер бір алаңда бас қосты. Жәрмеңкенің басты мақсаты – тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту және еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтармен таныстыру. Қазір өңірде заңгер, есепші, электрик, дәнекерлеуші сынды мамандар тапшы.

ТАТЬЯНА АДИЛОВА, “Еңбек мобильділігі” орталығы бөлімінің басшысы:

— Біз биылға жәрмеңкені бірінші рет өткізіп отырмыз. Негізі, мұндай шаралар ай сайын ұйымдастырылып тұрады. Былтыр қалада барлығы – 15 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді. Мұндай шаралар өз нәтижесін беріп жатыр. Өткен жылы тек жәрмеңке арқылы 300-ден астам адам жұмысқа орналасты. Ал орталық мамандарының көмегімен барлығы – 4 мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмыс тапты. Одан бөлек, 60-қа жуық адам онлайн түрде курстан өтіп, еңбекпен қамтылды.

Шараға қатысқан серіктестіктердің бірі – «ПетроМашЗавод» кәсіпорны. Қазіргі таңда зауытта 10-ға жуық бос жұмыс орны бар. Кәсіпорын өкілдері жәрмеңке барысында үміткерлермен тікелей сөйлесіп, жұмыс шарттары мен талаптары туралы толық ақпарат берді.

ЛЮДМИЛА ЯГОДИНА, «ПетроМашЗавод» ЖШС кадрлар жөніндегі инспекторы:

— Қазіргі таңда бізге энергетик, электрик, экономист, инженер, оператор, токарь, дәнекерлеуші сынды мамандар қажет. Жұмыскерлердің айлық жалақысы шамамен 300 мың теңгені құрайды. Қызметкерлерді таңертең жұмысқа тегін жеткізіп, кешке үйіне апарып тастаймыз. Жұмыс уақыты таңғы сағат 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін. Кәсіпорын бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне тұрақты түрде қатысып келеді. Мұндай шаралар өз нәтижесін беріп, жаңа мамандарды жұмысқа тартуға мүмкіндік жасауда.

Ұйымдастырушылар мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасатынын айтып отыр. Қазіргі таңда облыс орталығында жұмыссыз жүрген мыңға жуық адам бар. Ал бос жұмыс орындар саны 800-ден асады.