Петропавлда слесарь болып жұмыс істейтін ер адам алаяқтардың кесірінен маңдай термен алған пәтерінен айырылды. Оған қоса несие рәсімдеп берген. 58 жастағы
тұрғынға біреу қоңырау шалып, өзін электр компаниясының қызметкері ретінде таныстырады. Сөйтіп, электр есептегішті ауыстыру қажет деп SMS-пен келген кодты айтуды сұрайды. Лезде екінші қоңырау түседі. Хабарласқан адам өзін банк маманымын деп таныстырып, ер адамның атына біреулердің онлайн-несие рәсімдегенін айтады. Ақыры соңында аңғал азаматқа іс жүзінде 3,5 млн қарыз алдыртып, ақшаны қауіпсіз шотқа-мыс аударуға көндіреді. Онымен қоймай үшіншісі телефон соғып, пәтеріңіз аукционға қойылды деп айтқан. Әбден сасқан ер адам бір бөлмелі баспанасын 12 млн теңгеге сатып жіберіп, оның ақшасын да алаяқтарға жіберген. 15 жарым млн қаржысынан қағылған қала тұрғыны алданғанын түсініп, полицейлерге жүгініпті. Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр. Оқиғаға қатысы бар адамдар, соның ішінде ақшаны шетелге шығаруға пайдаланылған «дропперлерді» анықтау жұмысы жүргізілуде.
Мәдина Қаби