Солтүстік Қазақстан облысында «Адал полицей» акциясы жалғасуда. Науқан барысында шенділер тұрғындармен тікелей тілдесуде. Мақсат – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және тәртіп сақшылары мен қоғам арасындағы сенімді нығайту.
АЗАТ ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ПД тергеу басқармасының бастығы:
— Біздің мақсатымыз – жүйе ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Біз қатарларымызды тазалап ғана қоймай, қызметкерлерге пара беру немесе арандату әрекетін қатаң түрде тоқтатамыз.
Осы орайда тәртіп сақшылары тұрғындарға бармақ басты, көз қыстылық әрекет екі тарап үшін де қылмыс екенін айтты. Егер тұлға мұндай жайтқа куә болып жатса, дереу департаментке қарасты өзіндік қауіпсіздік басқармасының сенім телефондарына хабарлау қажет. Қазіргі таңда парақорлық үшін жаза қатаңдаған.
АЗАТ ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ПД тергеу басқармасының бастығы:
— Сыбайлас жемқорлық біздің қоғамның дамуына тікелей қауіп төндіреді. Елімізде сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін оның ішінде парақорлық жасаған үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ, мүлік тәркіленеді және мемлекеттік қызметте еңбек етуге өмір бойы тыйым салынады.
Жалпы, тәртіп сақшылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін түрлі креативті шараларды жүзеге асыруда. Атап өтсек, полицейлер арасында зияткерлік ойындар мен байқаулар ұйымдастырылып тұрады.
Ақтолқын Солтанханқызы