2024 жылғы алапат тасқыннан кейін тұрғызылып, үйлері топан судан зардап шеккен жандарға тапсырылған “Бірлік” ықшам ауданы. Қазір мұндағы халық терезеден сығалай қарап өмір сүруде. Басым бөлігі әкімдіктен хабар күтуге мәжбүр. Тұрғындарды толғандырған мәселе – өздері түтін түтетіп отырған баспаналардың, ғимарат орналасқан жердің әлі күнге дейін рәсімделмеуі. Меншік иесі атана алмай уайымға батқан бұқара қала әкімімен жүздесу мүмкіндігін иеленді.
СВЕТЛАНА МАЩАНСКАЯ, “Бірлік” ықшам ауданының тұрғыны:
— Біз мәселені көтердік. Қарашаның 14-і күні әкімдік өкілдері “Үйлерді заңдастыру үшін” деген хабарламамен тұрғындарды қалалық әкімдікке шақыртты. Қуанышымызда шек болмады. Бардық, мамандар қарсы алып, қолымызға мынандай құжат ұстатты. Бұл – баспаналардың Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі балансынан алынып, адамдарға берілгендігі жөніндегі қала әкімінің қаулысы. Артынша акт тапсырылды. Алайда, бұлардың ешқандай заңды күші жоқ. Яғни, әлі тұрып жатқан үйлеріміздің құжаттары жоқ.
Қақаған аязға қарамай жиналған жерлестеріміз тарапынан түрлі базына айтылды. Көпшілік табан тоздырып шаршаған. Ал кейбірі істің сағызша созылуына байланысты мемлекеттік қолдаудан қағылыпты.
ТАТЬЯНА ПИПКО, “Бірлік” ықшам ауданының тұрғыны:
— Мен – теміржол саласында ұзақ жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан азаматшамын. Біз отын-көмір алсақ, жеңілдік қарастырылған. Дегенмен, 2024 жылдан бастап бұл жеңілдікті пайдалана алмай отырмын. Қолданайын десем, үйдің құжаты және менің тұрып жатқан баспанаға тіркелгенімді растайтын анықтама жоқ. Яғни, зейнеткерлер тиісті мемлекеттік қолдаудан қағылып отыр. Бізді осы жайт та қынжылтады.
Қынжылған жұрттың жүзінде қуаныш ұялайтын күн жақын. Бұқарамен бетпе-бет жүздескен Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев туындаған мәселеге қатысты пікір білдірді. Халықты алаңдатқан жайт тиісті порталдың жұмыс істемеуіне байланысты туындаған. Қала әкімі айтып отырған бағдарлама маусым айына дейін жұмыс істепті. Мамандар 56 үйге қатысты құжаттарды қарап, тұрғындардың атына рәсімдеген. Кейін мүлде өтініш қабылданбаған. Содан бері жергілікті билік өкілдері мәселені шешу амалдарын қарастырған екен. Оның қорытындысы жақында ғана шықты. Жаңа портал әзірленіпті.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
— Біз кеше ғана бағдарламаға кіріп, көпті күттірген жұмысты қайтадан бастау мүмкіндігін иелендік. Менің білуімше 1 күнде жолданған 36 өтінішті қарадық, заңдастыруға дайындап қойдық. Әрмен қарай жалғастырамыз. Шамамен 10-14 күннің ішінде алқашқы кезең аяқталады. Содан кейін сіздер үйді, жерді заңдастыруға қажетті құжаттарды электронды түрде немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жолдай аласыздар.
Демек, маңызды мәселеге нүкте қойылатын күннің ауылы алыс емес. Кездесуде шаһар басшысы тұрғындарға мән-жайды және алдағы жұмысты бастан-аяқ түсіндірді, ешкім елеусіз қалмайтынын айтты.
ЕРКІН ЖОМАРТ, Петропавл қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы:
— Бізге адамдар тарапынан 255 өтініш түсті. Оларды қарап, тұрғындарды меншік иесі атандыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Халықтың базынасы орынды. Бірақ, бұл жерде түсіністік таныту қажет. Тиісті бағдарлама істен шықты. Оған біздің қатысымыз жоқ. Міндетіміз – 700 үйді заңдастыру. Баспаналардың 600-і “Бірлік” ықшам ауданының оң жағында орналасқан.
“Қырқына шыдаған қырық біріне де шыдайды” демекші, тұрғындар сәл күту қажет. Бөлім басшысының айтуынша алдағы 3 айдын ішінде
заңдастыру жұмыстары мәресіне жетіп, әр адам меншік иесі атанады.
Байболат Құлтанов