Ленинград блокадасы – Ұлы Отан соғысы кезіндегі ең ауыр кезеңдердің бірі. Шаһар тұрғындары аштықтан қиналса да қатыгез жаумен арпалысты, әр күнін үрей-қорқынышпен өткізді. 1941 жылдың 8 қыркүйегінде қоршалған Ленинград қаласы, дәл бүгін яғни, 1944 жылдың 27 қаңтарында ғана жаудан азат етілді. Оны сыртқы әлеммен байланыстырған жалғыз жол – Ладога көлі арқылы өткен еді. Осы бағыт арқылы азық-түлік жеткізіліп, балалар мен қарттар эвакуацияланды. Мұз басқан көлдің үстінен, яғни «Өмір жолы» арқылы өткен жандардың қатарында Ирина Сидельникова да бар еді. Ол кезде небәрі 5 жаста болған нәзікжанды сол күндерді күрсіне еске алды.
ИРИНА СИДЕЛЬНИКОВА, блокадашы:
— Анамның айтуынша, Ладога көлі арқылы 8 көлікпен өтпек болдық. Бірақ діттеген жерге тек 4-еуі ғана жетті. Содан соң 1 ай дегенде поезд арқылы Саратов облысына табан тіредік. Ол жерде 2 жыл тұрдық. Кейін анам жұмыс істейтін заводты Саранск қаласына ауыстырды. Жеңісті дәл сол шаһарда тойлаған едік. Ленинградта өткізген күндерді естен шығармаймын, 5 жаста болсам да адамдардың қалай қиналғаны көз алдымнан кетпейді. Біздің біркүндік рацион қара су мен қара наннан тұратын еді.
Бүгінгі іс-шараға Ленинград қаласында соғысқан ардагерлердің ұрпақтары да келіп отыр. Ясмина Баширова 9 жаста. Оның арғы атасы 314-ші атқыштар дивизиясының қатарында Ленинград қаласын жаудан қорғаған. Ол 1-ші әрі 2-ші дәрежелі Даңқ орденімен наградталған.
ЯСМИНА БӘШІРОВА, мектеп оқушысы:
— Менің атам Әбілмәжін Бәшіров қазіргі Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылында 1917 жылы дүниеге келген. 24 жасында қан майданға аттанды. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысты. Жалпы, атам соғыста 6 жыл болса, оның 2 жылын Ленинград қаласында өткізді. Ал елге оралғаннан кейін шойын жолда талмай еңбек етті.
Айта кетейік, қазіргі таңда Петропавл қаласында 4 блокадашы өмір сүреді.
Ұлан Ыдырыс