Елордада Конституциялық комиссияның үшінші отырысы өтті. Алқалы басқосуда Ата заңымызға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар айтылып, жан-жақты талқыға түсті. Мінберге шыққан спикердің бірі – Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев. Ол адамдардың құқығын қорғау бағытындағы жаңашылдықты оң бағалады.
МӘДИ МЫРЗАҒАРАЕВ, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:
— Құжат жобасында екі түбегейлі қағидалық мәселе айқын белгіленіп отыр. Ең алдымен адам құқықтары туралы бөлімде ұсталған, күдікке ілінген немесе айып тағылған әрбір адамның адвокаттың көмегін пайдалануға құқығы бар екені нақты жазылуы көзделген. Бұл – адам тағдыры таразыға түскен алғашқы сәттен бастап іске қосылатын адам құқығын қорғаудың нақты тетігі болады.
Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев экология саласына қатысты ұсынысын ортаға салды. Халық қалаулысы өзгеріс енгізілетін Ата заңымызда қоршаған ортаны қорғауға қатысты жаңашылдық көргісі келеді.
СЕРІК ЕГІЗБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— 31-бапқа азаматтардың табиғатты сақтау міндетін енгізуді ұсынамыз және лауазымды тұлғалардың экологиялық деректерді жасырғаны үшін жауапкершілігін күшейтуді қажет деп санаймыз. Бұл ұсыныстар келер ұрпақ алдындағы біздің жауапкершілігімізді нақты айқындайды.
Конституциялық комиссияның отырыстары, Қызылордада өткен Құрылтай өңірімізде қызу талқылануда. Теріскейлік белсенділер алдағы өзгерістер жаңа Қазақстаның маңызды кезеңі деп біледі.
ПАВЕЛ АФАНАСЬЕВ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
— Мен заңгер ретінде Парламент пен жаңадан құрылатын “Халық кеңесі” институты арасында берік байланысты көремін. Парламент заң шығаратын орган болады. Ал “Халық кеңесі” тұрғындарға құлақ асатын, жоғын жоқтайтын ұйым ретінде қызмет етпек. Түркіменстанның ел басқару ісіне назар аударайық. Оларда жер-жердегі мәселені бақылау, талқылау, жоғарыға ұсыну функцияларына ие мұндай кеңес бар. Оған 1200 адам мүшелік етеді. Міне, осы тәжірибе бізге келеді. Бұл қуантарлық жаңалық дегім келеді.
Енді Конституциялық комиссияның төртінші отырысы өтеді. Еліміздің болашағына, тұрғындар мен келешек ұрпақтың өміріне тікелей әсер ететін ұсыныстар талқыланатын кезекті басқосу қаңтардың 28-ші жұлдызына белгіленген.
Байболат Құлтанов