СҚО әкімдігі

Евгений Кинцель: “Президенттің бастамалары елдің дамуына тың серпін бермек”

Қазақстанды ауқымды өзгерістер, оның ішінде жаңа конституциялық реформалар күтіп тұр. Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы бірнеше бастаманы жария етті. Оның ең бастысы – вице-президент лауазымын енгізу. Вице-президентті Ұлттық құрылтай мүшелері мен депутаттар сайлайды. Облыстық мәслихат депутаттары Мемлекет басшысының бұл бастамасын қолдайтындарын жеткізді.

ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, облыстық мәслихат депутаты:

— Бірнеше жылдық тәжірибесі бар заңгер ретінде айтарым, бұл лауазымның маңызы өте зор. Себебі, біз президенттік республикада өмір сүріп жатырмыз. Мемлекет басшысының жанында жаңа жобаларды жүзеге асыруға көмектесетін сенімді тұлға болуы тиіс. Еуропа елдері мен АҚШ-та осы жүйе қолданылады.

Тағы бір маңызды шешім – Халық кеңесін құру. Евгений Кинцельдің сөзінше, бұл – халық пен билікті жақындастыратын, дәлірек айтсақ, бұқараның мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізетін орган болмақ.

ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, облыстық мәслихат депутаты:

— Президент Қазақстан халқы Ассамблеясын таратқысы келіп отырған жоқ. Керісінше, оның жұмысын әрі қарай жетілдірмекші. Халық кеңесі түрлі ұлт өкілдерінің бірлігін одан әрі нығайтатын болады. Бұл шешім еліміздің дамуына зор септігін тигізеді деп ойлаймын.

Солтүстікқазақстандықтар ұсынылған өзгерістерді қолдап, жалпыұлттық референдумға белсенді дайындалуда.